Құмар ойын нарығы көлемі жағынан жылжымайтын мүлік нарығынан екі есе асып түсті. Құмар ойынға тәуелдік болып кеткендердің саны елімізде 350 мыңнан асып жығылады. Лудоманияға қарсы іс-қимыл жүргізудің әдіс-тәсілі мен букмекерлік кеңселердің қызметін реттеу мәселелері Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында талқыланды. Мәжіліс Спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов лудомания адам тағдырына балта шабатын қауіпті құбылысқа айналып бара жатқанын атап өтті.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, Мәжіліс Спикері, “AMANAT” партиясының төрағасы:
– Қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре бастады. Лудомания – ХХІ ғасырдың дерті. Миллиондаған адам құмар ойындардан зардап шегеді. Бүгінде бәс тігу мектеп қабырғасынан басталып жатыр. Барлық ойын онлайн, жұртшылыққа оңай қолжетімді. Сондықтан, Мемлекет басшысы бұл тақырыпты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көтеріп, құмар ойындарды шектеуге қатысты міндет қойды. Енді депутаттар мұны заң жүзінде бекітуі керек.
Өз кезегінде, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2021 жылдан бері 17 букмекерлік кеңсе өз еркімен лицензиясын қайтарғанын, ал ойын бизнесі субъектілерінің саны 2 есеге, яғни 71-ден 28-ге дейін қысқарғанын мәлімдеді.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
– Биыл интернет-казинолардың қызметі мен жарнамасын шектеу мақсатында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 7 мыңға жуық интернет-ресурс пен заңсыз материалдардың сілтемесі бұғатталды. Бүгінде ел аумағында ойын бизнесімен айналысуға рұқсат ететін 28 лицензия берілген. Оның ішінде 5 казино, 8 ойын автоматтары залы, 13 букмекерлік кеңсе және 2 тотализатор бар.
Құмар ойынның кесірінен 10 ерлі-зайыптының 7-еуі ажырасады екен.
Былтыр Қазақстанда 4 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсаған, оның әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Жиын барысында «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев 2 кодекске және 7 заңға 50-ден астам түзету дайындалғанын айтты. Атап айтқанда, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылады. Көшелерде және әлеуметтік желіде букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі. Сонымен қатар, 25-ке толмаған жастарға құмар ойын ойнауларына тыйым салыну ұсынылды.
Гульден Симбаева