Тимирязев ауданында өткен сайлау науқанына 22 елді мекен қатысты. Бұл жолы 5 мыңға жуық азамат өз таңдауын жасады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Тимирязев ауданының әкімі Ерлан Жаров өз орнын сақтап қалды. Кандидат сайлау кезінде 3 мыңнан астам дауыс жинаған. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы аудан әкіміне жұмыс куәлігін табыс етті. Облыс әкімі Ғауез Торсанұлы Ерлан Қайырұлына ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте жаңа жобаларды жүзеге асыру керегін айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Тимирязев ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жағы ақсап тұр. Өңірде 2 ұн комбинаты жұмыс істейді. Олар: «КЭСС» ЖШС мен «Анар» ШҚ. Соңғы 9 айдың нәтижесі бойынша өңірде ұн өндіру деңгейі 11 пайызға төмендеген. Ет өңдейтін «Садоведова» кәсіпорны жыл басынан бері 9 тонна шұжық өнімдерін шығарған. Ал сүт өндірілмеген. Сондықтан, өңірге жаңа инвесторларды тарту керек.
Мемлекет басшысы өз жолдауында 2025 жылға дейін ауыз су сапасын арттыру, жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту туралы тапсырма берген еді. Тимирязев аудандағы автожолдардың жалпы ұзындығы – 327 шақырым. Оның 77 шақырымы – республикалық маңызы бар, ал 250 шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Соңғы 5 жылда аудан жолдарын жөндеуге барлығы 4 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Ал биыл бұл жұмыстарға Тимирязев ауданы бойынша 1 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, қазір «Есіл-Ақсуат» бағытындағы 19 шақырымдық автожол жөнделіп жатыр. Өткен жылы 80 млн теңгеге 2-3 км жол жөнделді. Ал биыл 16 км автожол 182 млн теңгеге жөнделіп жатыр.
Сондай-ақ, өңір басшысы инфрақұрылымды, білім мен денсаулық сақтау саласын дамытуды басты назарда ұстау керегін атап өтті. Мәселен, ауданда екі медициналық нысанның құрылысы жоспарда бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта үш мектеп жөнге келтірілмек.