Қоғам

Мамлют ауданының әкіміне міндеттер жүктелді

Елена Степаненко – ауданды басқаратын өңір тарихындағы алғашқы әйел әкім. Азаматшаны жексенбідегі сайлауда халық таңдады. Айқын басымдықпен жеңіске жеткен нәзікжандыға аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бірқатар міндет жүктеп отыр.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

– Бүгінгі таңда ауданда халық саны 50-ге жетпейтін 10 ауыл бар. Ендігі біздің міндет – елді мекен тұрғындарын 26-шы жылға дейін орталықтандырылған сумен қамту. Сол үшін ауқымды жұмыс жүргізіледі. Қазір аудандағы жолдардың 50 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйде. Бике ауылына апаратын 9 шақырым жолға асфальт төселмеген. Халық қиындық көруде. Іске 523 млн теңге керек. Жақын арада қаржы қарастыру мәселесіне кірісемін.

Елена Степаненко 3 ай көлемінде Мамлют ауданы әкімінің міндетін атқарды. Осы уақыт ішінде біраз мәселемен танысып үлгеріпті. Басым бөлігінің шешу жолын біледі. Алайда, мұнымен тоқтап қалмау керек. Әр сала қарқын қосуды қажет етеді. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіне дем беру керек.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

– Мемлекет басшысы және облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, астықты, етті және сүтті терең өңдеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керек. Бұл сала ауданда ақсап тұр десек болады. Бастысы, ниет танытқан адамдар бар. Ендігі біздің міндет – соларды қолдау.

Түптеп келгенге, оң өзгерістердің барлығы тұрғындардың тұрмыс сапасына әсер етеді. Еңбекпен қамтылмаған адамдардың саны қысқарады. Бүгінде ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызды құрап отыр. Сұхбат барысында Елена Степаненко халық асыға күткен жаңалықпен де бөлісті.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

– Біз жаңадан өндіріс орындарын және әлеуметтік нысандарды ашсақ, тұрғындардың көңіл күйі көтеріледі. Осындай мақсатпен аудан орталығына жылы аялдама орнатпақпыз. Ұзындығы – 6, ал ені 3 метр болады. Қазір халық ашық аспан астында автобус күтуге мәжбүр.

Қоса кетейік, қазір Мамлют ауданында 17,5 мың адам тұрады. Тұрғындардың 7 жарым мыңы аудан орталығында өмір сүріп жатыр.

 

Байболат Култанов