Қоғам

Қала әкімі жауапкершілігі төмен қызметкерлерді жазалады

Шаһар басшысы Серік Мұхамедиев қарамағындағы қызметкерлерді әкімдік отырысына жиды. Жиында 2 өзекті мәселе қаралды. Алғашқысы – әлеуметтік желілерде, ақпарат кеңістігінде халық және БАҚ өкілдері көтерген проблемаларға жауап. Мінберге шыққан қала әкімінің орынбасары Қалия Түренова біраз кемшілікті бүкпесіз баян етті.

ҚАЛИЯ ТҮРЕНОВА, Петропавл қаласының әкімінің орынбасары:

– Қаңтар айының бірінші жұлдызынан бастап ақпарат кеңістігінде Петропавл қаласына қатысты 400-ден астам жағымсыз жазба жарияланды. Оның 285-і тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қатысты болды. Үйлердің уақытында тапсырылмауы, абаттандыру жұмысының жүргізілмеуі, қоқыстың уақытында шығарылмауы. Соңғысы жауапты бөлім мен белгіленген компаниялар арасындағы жөнді байланыстың жоқтығын көрсетеді.

Қоқыстың жөнді шығарылмауы – Қызылжар жұртын әбден қалжыратқан мәселе. Бұл жерде коммуналдық компания басшылары мойынға ілген қамытты жөнді көтере алмай жүр. Болашақта олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып қана қоймай, әкімдік тарапынан бөлінетін көңілден қалыс қалуы мүмкін. Мұны Серік Мұхамедиев баса айтты.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Біз қоқыс шығару бойынша тарифті де көтердік. Алайда, өзгерісті көріп отырған жоқпыз. Биыл қалдықтарды шығаруға арналған 5 бірдей көлік алынады. Оларды нарықта өздерін жақсы қырынан көрсеткен компанияларға ғана береміз. Жұмыс істей алмайтын немесе істегісі келмейтін кәсіпкерлер, орындарыңызды босатқандарыңыз дұрыс!

Екінші мәселе – жөнделген жолдардың сапасы. Биыл Петропавлда бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Қыруар қаржы құйылып, рекордтық көлемде көше жөнделді. Көптің көңілі көтерілді. Себебі, оң өзгеріс шаһардың шеткері аудандарына да жетті.

ЕРКІН ЕЛЕУСІЗОВ, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бүгінгі күнгі дейін қаладағы 47 көше жөнделді. Жекелей тоқталсақ, орташа жөндеумен – 27, ал ағымдағы жөндеумен 20 көше қамтылды. Бағытталған қаражат 6,8 млрд теңгені құрайды.

Алайда, шаттана алмаймыз. Сапа сан соқтырып отыр. Қала әкімі жауапты бөлім басшысының міндетін атқарушы Еркін Елеусізовке бүгін ғана түсірілген суреттерді көрсетті. Биыл жөнделген көшелерде ойықтар пайда болған, құдықтардың маңы төмен түсіп кеткен. Осындай майда-шүйде кемшілік ауқымды шаруа атқарылмағандай көрсетеді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Біраз жерде асфальт төселген, алайда, көшелердің қапталдарында жұмыс жүргізілмеген. Бұл шаруа қатар тындырылуы керек. Міне, қараңыз, барлық жерде құдықтар төмен түсіп кеткен. Сапасы нашар. Келесі жолы мұндай жағдайда бетон пайдалану қажет.

Жиын соңында шаһар басшысы Серік Мұхамедиев қос мәселеге қатысы бар бөлімдерді жіпке тізіп, басшыларына тиісті шара қолдану жайлы ұсыныс білдірді. Мұны қатысушылар бірауыздан қолдады.

 

Байболат Култанов