СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Есіл ауданының жаңадан сайланған әкіміне қызметтік куәлік табысталды

Есіл ауданының жаңадан сайланған әкімі сайлау науқанында 78,15%-бен, яғни 8 мың 419 дауыспен жеңіске жетті. Мереке Мұхамедияров 1962 жылы Шал ақын ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. Әр түрлі қызмет салаларында 40 жылдан астам еңбек өтілі бар. 2017 жылдан 2023 жылға дейін облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментін басқарған. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап осы тағайындауға дейін Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті әріптестер, Есіл ауданының активі, жаңа басшылықтың алдында бүгін Есіл ауданын одан әрі дамыту жөніндегі міндеттерді белгілегім келеді. Аудан облыстың даму қарқынынан қалыс қалмауы тиіс. Қазір өңірде перспективалы жобалар іске асырылуда, инвесторлар тартылуда. Дәл осындай жұмыс Есіл ауданында да жүргізілуі тиіс. Жалпы, облыс бойынша дамудың оң динамикасы байқалады. Жаңа әкімнің міндеті – ауданды одан әрі дамытып, іске бірден кірісу.

Биылғы жылдың 9 айында Есіл ауданында дамудың оң динамикасы байқалады. Десе де, атқарылатын жұмыс жетерлік. Сондықтан, тағайындалған әкімінің алдына бірқатар міндет қойылды. Олардың бірі – ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, себебі, саладағы жалпы өнім көлемінің 2 пайызға төмендеуі байқалады. Ауданның білім мен денсаулық сақтау салаларында кадр тапшылығы бар, мәселені біржақты ету тапсырылды. Бұдан бөлек, ең маңызды істердің бірі ауданішілік жолдарды жөндеу мен халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысын қолға алу болып отыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл Солтүстік Қазақстан облысында жалпы сомасы 7 млрд 100 млн теңгеге Преснов топтық су құбырын қайта құру жобасы әзірленді. Жобаны іске асыру нәтижесінде 1100 адамнан тұратын 6 ауыл таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Осылайша, 5 мың адамнан тұратын 7 ауылда сумен жабдықтау жақсарады. Мереке Тілеужанұлы, барлық маңызды жобалар бойынша тапсырма уақытылы және сапалы орындалуы тиіс. Бұл да Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай халқымызды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы.

Мереке Мұхамедияровтың алдында ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жұмысы тұр. Халық сайлаған әкім сенім білдірген қауымға алғысын жеткізіп, жүктелген іске білек сыбана кірісетінін жеткізді.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Сайлаудағы жеңіс бұл тек қана менің жеңісім емес. Бұл ең алдымен осы Есіл ауданының тұрғындарының, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп жатқан саясатына деген сенім білдіруі. Сондықтан, Мемлекет басшысы және де Ғауез Торсанұлы сіздің алған қойған міндеттерді, тапсырмаларды орындауда Есіл ауданының халқының игілігі үшін өзімнің өмірлік тәжірибем және де білімімді қолданатын боламын.

Жиын барысында аймақ басшысы алға қойылған шаруа жоспарымен де бөлісті. Аудандағы инфрақұрылымды жақсартуға баса назар аударылуда. Ел Президентінің «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында келесі жылы Есіл ауданының Петровка және Чириковка ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бастау алмақ. Сөз соңында Ғауез Нұрмұхамбетов алдағы жауапты істе жаңа әкімге сәттілік тіледі.