МТРА жаңалықтарыҚоғам

Тігіншілердің басын қосқан іскер жан

Қолына мата ұстап, тігін машинасының тізгінінде отырған бұл жас қыздың есімі – Әмина Мәлкенова. Тігінші атауын иеленгеніне небәрі 2 айдың көлемі болған. Өзі – қаладағы Ескендір Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің биылғы түлегі. Қазіргі жұмыс орны туралы өз мұғалімінен естіпті.

ӘМИНА МӘЛКЕНОВА, тігінші:

– Дәл қазір мен әйелдерге арналған спорттық костюм тігіп жатырмын. Жұмысқа орналасқаныма көп болмағандықтан әзірге күніне 2 киім тігемін. Жалпы, өзіме ұнайды. Қасымдағы жандар өз білгендерін, осы уақытқа дейін жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, көмектеседі.

Бұл цехте қолына ине ұстаған ең жас тігіншінің жасы 19 да болса, қалғандары – көпбалалы немесе жалғызбасты әйел адамдар. Ал Райхан Сұрағанова – зейнеткер. Алпыстың алтысына аяқ басқан нәзікжанды жалпы қолөнерлікке жас кезінен жақын екен. Бірталай еңбек өтілі бар.

РАЙХАН СҰРАҒАНОВА, тігінші:

– Тігін – менің сүйікті жұмысым. Зейнетке шыққаннан кейін жай отырғанша біреуге пайдам тисін, білгеніммен бөлісейін деген ниетте орналастым. Бұған дейін мен Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте 26 жыл бойы жұмыс істедім. Қыздарға қолөнер пәнінен сабақ бердім.

Жүзінен мейірім ескен, он қолынан өнер тамған шебер жұмысының бір күнінде 5 шақты кимді толық тігіп шыға алады екен.

РАЙХАН СҰРАҒАНОВА, тігінші:

– Жұмысқа орналасуым өте тез болды. Өйткені, маған бұл жұмыстың барлық барысы таныс. Кезінде жеңіл өнеркәсіп техникумын бітіргенмін. Кейін Ш.Уәлиханов атындағы университетті тәмамдадым. Жұмыс өте ұнайды. Әріптестерім бір-біріне қайырымды. Сенбі-жексенбі және мереке күндері демаламыз. Осында келгенде тігу жұмысын спорттық киімдерден бастадым. Мына киіп тұрған униформаны да өзім тігіп шығардым.

Киім тігіп, қаншама әйелдің бойына көрік беріп жүрген тігіншілердің мұндағы жалпы саны 15-ке жуықтайды. Адал еңбек етіп жатқан нәзікжандыларға мұндай мүмкіндікті берген – Әлфия Жүкенова. Іскер жан әлеуметтік бизнеспен айналысады.

ӘЛФИЯ ЖҮКЕНОВА, дизайнер:

– Менің негізгі мамандыгым – заңгер. Дегенмен, тігін саласына бет бұрдым. Осы істі 2019 жылдан қолға ала бастадым. Үйде отырып та тіктім. Қазіргі цехімнің қарыштап дамуы үшін көп еңбек еттім деп айта аламын. Ең басында қол астымда 4 адам ғана жұмыс істеген. Қазір саны едәуір өсті. Олардың арасында мүгедектігі бар жандар, көпбалалы аналар да бар.

Әлфия Жүкенова бұнымен тоқтап қалмақ емес. Бағындырам деген асулары жетерлік. Айта кетейік, ұжым қаңтар айының 19-ы мен 21-і аралығында Париж қаласында өтетін сән көрсетіліміне қатыспақ.