Құқық қорғау органдары

Полицейлер №21 мектепте оқу-жаттығу өткізді

Турникеттер мен бейнекамералар, дабыл түймелері және күзетшілер – бүгінгі таңда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін шешу кешенді шара қабылдауды қажет етеді. Бұл оқу-жаттығу сабағы 21-ші орта мектепте өткізілді. Сценарий бойынша мас қала тұрғыны білім ошағындағы күзетшілердің кету туралы талабын елемей ішке енбек болған. Дабыл түймесі басылғаннан кейін күзет ұйымының жедел әрекет ету тобы оқиға орнына 3 минут ішінде келіп жетті.

– В 21-ю школу пьяный мужик врывался, его задержали. Всё успешно.

Арнайы құрылғылармен жарақталған жедел әрекет ету тобы ер адамды ұстады. Бір минуттан соң оқиға орнына полиция жасағы да келді.

Сайрап Сулиев, жедел әрекет ету тобының қызметкері:

– Бізге Тоқсан би көшесі, 94 мекенжайы бойынша орналасқан 21-ші мектепте дабыл түймесі іске қосылды деген хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына 3 минут ішінде жетіп, мектепке кірмек болған мас адамды ұстадық. Кейін оны полиция қызметкерлеріне тапсырдық.

Руслан Даньяров, СҚО ПД күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы:

– Күзет қызметін бақылау бөлімі білім беру объектілерін күзететін ұйымдармен оқу- жаттығу сабақтарын өткізді. Аталған іс-шараның мақсаты – мектептердегі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін тексеру, тиісті техниканың жұмыс істеу сапасын бағалау. Кейін анықталған кемшілік бойынша жұмыс жүргізіледі.

Білікті мамандар оқу-жаттығуға қатысушылардың іс-әрекетіне оң баға берді.
Жалпы, облыс орталығындағы барлық мектеп күзет құрылымдарының қызметкерлерімен қамтылған.

 

Мадина Каби