СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Қызылжар ауданында болды

Қызылжар ауданында 46 түрлі мәдениет нысаны жұмыс істейді. Соңғы 4 жылда мұнда материалдық-техникалық базаны жаңарту ісі қолға алыныпты. Қажет жабдық алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, аудандық мәдениет үйінің басшылығы ауыл тұрғындары үшін дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұрғанын айтады.

Сара АЛДАЕВА: Қызылжар ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

– Ауылдық округтердегі дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары, әрине, жаңашылдық болып табылады. Біздің фитнес клубтарымызға ауыл халқы кешкі уақытта келеді, жас бойынша шектеу жоқ. Аудандық мәдениет үйінде кешкі уақытта екі фитнес тобы жұмыс істейді. Кешенге таңертең ерте келетіндер де бар.

Жақында аудандық кітапхана да жаңартудан өтті. Бүгінде мәдениет нысаны мыңнан астам Бескөл тұрғынын қабылдайды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов нысанның жұмысымен танысып, кітапханашылармен әңгімелесіп қайтты. Қызметкерлер ғимараттағы жөндеуден бөлек, әдебиет қорының толыққанын да атап өтті.

Наталья БАРАБАШ, Қызылжар аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі:

– Жаңа үстелдер, жиһаздар қойылды. Кітаптар қоры жаңартылды. Үстел ойындары мен жайлы оқу орындары пайда болды. Қазір бізде «Кітап және оқу орталығы» бар. Мұнда жаңа сөрелер, жаңа әдебиеттер, 3 млн теңгеге 1000-нан астам дана сатып алынды. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдегі қор толықтырылды. Кітапханада біз жаңа компьютерлер, проектор мен жаңа теледидар қойдық.

Бескөл ауылында Ғауез Торсанұлы 50 пәтерлі үйдің құрылысын да бақылап қайтты. Мердігер – “ТЕМІРМАШ” ЖШС мұндағы жұмысты 2021 жылы бастап, нысанды келесі жылға дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Пәтер кезегінде 916 адам тұр, оның 86-сы көпбалалы отбасылар болса, 287-сі – жетім балалар. Бұдан соң, өңір басшысы Соколов топтық су құбырына бет бұрды. Нысан қайта жаңартудан өтуде. Бас мердігер – «Астанаинжкомстрой» ЖШС. Ауқымды жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңгені құрайды. Тіршілік көзімен шамамен 6,5 мың адам қамтылады. Жақын маңдағы 10 елді мекенде таза ауыз сумен қамту 94%-ды құрамақ.

Ержан ҚҰСЫМБАЕВ – «Есіл су» филиалы директорының орынбасары:

– Ағымдағы жылға 500 млн теңге бөлінді, бұл сома жыл соңына дейін игерілетін болады. Бүгінгі таңда 200 млн-ға жуық игеру жоспарлануда. Бұл – Новокаменка мен Архангельск арасындағы су құбыры. Сондай-ақ, су бұру қарастырылған, қазір жұмыстар жүргізілуде, алдағы уақытта ауылдар ішінде тарату желілері салынатын болады.

Облыс басшысы аралаған келесі ауыл – Петерфельд. Елді мекендегі Абай атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қызметкерлер білім беру мекемесі танымастай өзгергенін айтады. Мектеп сыныптары, кең асхана мен акт залы заман талабына сай жабдықталған.

Алмагүл ЕРМАҒАНБЕТОВА, мектеп директоры:

– Еден, шатыр толығымен ауыстырылды, жаңартылған 53 кабинет салынды, 8 медиатақта сатып алынды, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 32 камера бар. Компьютерлер бар, жеке мұғалім бөлмесі бар, балалар демала алатын орын мен ойын бөлмесі бар. Үзілісте немесе сабақтан кейін балалар кіріп, уақыт өткізе алады. Мектепте оқитындар саны 30%-ға өсті. 180 болған еді, қазір бізде 319 бала бар.

«Петерфельд Агро» ЖШС-і ауылдағы ағайынға белсенді қолдау көрсетіп отыр. Серіктестік 2011 жылдан бастап өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Серіктестегі ірі қараның жалпы саны 3400-ді құрайды.

Асқар МӘДИЕВ, «Петерфельд АГРО» ЖШС директоры:

– Менің ойымша, біз 2011 жылы жоспарлаған барлық нәрсеге қол жеткіздік. Қазіргі күні жақсы нәтижелерді көріп отырмыз. Мал шаруашылығына тоқталатын болсақ, бүгінде біз сүтті «Еуразиямилкке», ал етті Қостанайға берудеміз».

Бұдан бөлек, серіктестік өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеге 18 жаңа үй салған. Әр учаскеде гараж, орталық жылыту және сумен жабдықтау бар. Компания директорының қажырлы еңбегін өңір басшысы да бағалады.