Бүгін қала тұрғыны әрі зауыт жұмысшысы Санат Маканов 3 бөлмелі үйге ие болды. Құтты қонысының кілтін алуға бүгін зайыбы екеуі бірге келді. Отбасы қалалық әкімдікте пәтер кезегінде 10 жыл тұрған, “Отбасы банкінде” жинақтары болыпты. Ерлі-зайыптының 3 баласы бар.
САНАТ МАКАНОВ, қала тұрғыны:
– Ортаңғы – 14 жастағы балам мүгедек. Өзім Киров атындағы зауытта 2009 жылдан бері темір ұстасы болып жұмыс істеймін. Жұбайым баланың күтімімен үйде отыр. Біз зауыттың жатақханасында тұрып келдік. Онда тек коммуналдық қызмет үшін ғана төлейсің. Жеке баспанамыз болатындығына өте қуаныштымын.
Баспана 2-ші қабатта орналасқан. Іші кең, жарық. Отбасы 16 жыл бойы айына 50 мың теңгеден төлеп отырады. Жалпы, 3-ші дәрежелі “Еңбек Даңқы” Орденінің иегеріне баспаналы болуға зауыт басшылығы мен жергілікті кәсіподақ ұйымы септескен.
ЕРІК НҰРАҚАЕВ, СҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы:
– Былтырғы жылы қыркүйекте өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан кәсіподақтық федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин келді. Осы зауыттың жұмысшыларымен кездесіп, қандай сұрақтары бар екенін сұрады. Сонда Санат айтқан болатын 10 жылдан астам бойы кезекте тұрмын деп. Сол кезде төраға жинақ банкінің төрағасымен сөйлесіп бар мәселені айтты. Зауыт басшылығы да жетпей жатқан жарнаның қандай бір сомасын енгізді.
Сондай-ақ, ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан Макановтар отбасына тұрмыстық техника сатып алуға сертификат табыс етілді.
Гульден Симбаева