Денсаулық сақтау

Қазақстанда қызылша белең алды

Қазақстанда қызылша белең алды. Әзірге, жұқпалы дерт оңтүстіктегі ағайынды әлекке салып тұр. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифинг барысында айтылды.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Қызылша ауруы барлық өңірлерде тіркелді. Жоғары деңгей Алматы қаласында – 2031 жағдай, Шымкент қаласында – 2026 жағдай, Жамбыл облысында – 1392 жағдай және Алматы облысында – 1111 жағдай тіркелді. Сырқаттанушылық – сырқаттанған балалар санынан алсақ, көбісі вакцинацияланбаған балалар есебінен тіркелуде. 60%-да балалар бас тартуға байланысты егілмеген, 18,3%-да медициналық босату бойынша, 21%-да егу жасына жетпеген.

Яғни, науқастардың бойында қызылшаға қарсы антидене жоқ. Елдегі ахуал баяндалғасын Әсет Жұматаев өңірдегі сандарды жіпке тізді. Әзірге, облыста жағдай тұрады. Бірақ, жағаны жайлауға жіберуге болмайды.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Облыста қызылшаның зертханалық расталған 28 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде қызылша тіркелмеген. Қазір 4 адам стационарлық емделуде, 1 адам амбулаториялық емделуде. 23 адам емделіп шықты. Қызылшаның расталған жағдайларының ішінде 3 әкелінген жағдай тіркелді (БАӘ, РФ және Қырғызстан).

Облыста тіркелген науқастардың 18-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Тағы да сандарды сөйлетейік. Статистикаға сүйенсек, қызылша жұқтырған теріскейліктердің 86% вакцинацияның толық курсынан өтпепті. Жағдай одан әрі уышығып кетпей тұрғанда іске кіріскен жөн. Қазақстанда 6-шы қарашадан бастап жаппай иммундау басталады. Екпе 6 ай мен 10 ай 29 күн және 2 жас пен 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балалар салынады.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бүгінгі таңда өңірде екпенің 9 мыңдық қоры бар. Халықты жаппай иммундау үшін облыста 91 бригада жасақталды. 1 мыңнан аса маман оқытудан өтті. Ағымдағы жылдың 16-шы қазанында біз 30 мыңнан астам вакцина сатып алу бойынша қосымша өтініш әзірледік. Бұл партия аймаққа желтоқсан айының басында келуі тиіс. Қазір біздің қолымызда иммундауға жататын адамдардың тізімі бар.

Екпе – індетпен күрестегі жалғыз құрал. Жаппай иммундаудан ауыл тұрғындары да қалыс қалмайды. Жауапты кезеңде өңірдегі елді мекендерді жылжымалы кешендер араламақ.

 

Байболат Култанов