Спорт

Петропавлда Жамбыл Тасеменовтың құрметіне арналған турнир өтті

Петропавлда Жамбыл Тасеменовтың құрметіне арналған грек-рим күресінен кіші жасөспірімдер арасында ашық республикалық турнир өтті. Жерлесімізді жалпақ жұрт жақсы біледі. Ол жалындаған жастық шағында бозкілемде қарсылас шақ келтірмеді. ҚР Құрметті спорт қайраткері және облыстың Құрметті азаматы деген атаққа ие.

ЖАМБЫЛ ТАСЕМЕНОВ, СҚО Құрметті азаматы:

– Менің құрметіме арналған дәстүрлі турнир осымен 17-ші рет ұйымдастырылып отыр. Өте қуаныштымын. Осындай жарыстарда дарынды балалардың томағасы сыпырылады, тәжірибе жинайды. Уақыт өте сол жастар еліміздің намысын абыроймен қорғайтын болады. Мен бұған кәміл сенімдімін. Палуандардың барлығына сәттілік тілеймін!

Турнирде бақ сынап жатқан палуандардың көзінде от бар. Бозкілемде сағаттап тіресуге, жұлыса күресуге әзір. Биыл Ресейден 2 команда келді. Қонақтар Омбы мен Қорғанға құр қайтқысы келмейді. Оларға қазақстандық спортшылар лайықты қарсылық танытпақ.

МЕЙРАМ ХАМЗИН, турнирдің бас төрешісі:

– Қостанай, Қарағанды, Көкшетау, Атыраудан балалар келді. Қарағанды мен Жезқазғаннан 2 команда келіп отыр. 180-ге жуық бала жиналды.

Әр кездесу тартысқа толы болды. Мына бозкілемде қазақстандық және ресейлік палуан күш сынасуда. Жеңіс қонақ споршыға бұйырды.

МАТВЕЙ ТРЯПОЧКИН, турнирге қатысушы, Қорған облысы, РФ:

– Қазақстандық палуан лайықты қарсылық көрсетті. 7 жыл күреспен айналысамын. Тәжірибенің арқасында жеңдім деп ойлаймын. Мақсатым көп. Алдымен Ресей чемпионы болсам деймін.

Бұдан кейін бозкілемге шыққан балалар тіпті турнирдің сәнін келтірді. Әр ұпай, әр секунд бағалы. Сондықтан, палуандар бір сәтке де кідірмей, жұлқына күресті.

Грек-рим күресінен кіші жасөспірімдер арасындағы ашық республикалық турнирдің қорытындысы бойынша үздіктер аға буын өкілдерінің қолынан марапат алды.

 

Байболат Култанов