Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов кезекті мәрте журналистермен жүздесті. Бұл жолы өңірдің бас тәртіп сақшысы жергілікті полиция қызметінің 10 айдағы жұмысын қорытындылады.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– 2023 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мақсатты профилактикалық жұмыс нәтижесі қылмыс санын 21,0%-ға азайтуға мүмкіндік берді (3944-тен 3116-ға дейін). Қылмыстың ауыр түрі 15,8%-ға төмендеді (814-тен 685-ке дейін).
Тәрбие – тал бесіктен! Қазір тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда, әлі бес саусақ бірдей емес. Жыл басынан бері аққайыңдар өлкесінде кәмелетке толмағандармен 32 қылмыс жасалыпты. Ішіндегі елді дүрліктіргені – мектептегі жағдай.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– 4-ші орта мектепте болған жағдай. Кәмелеттік жасқа толмаған бала қатарластарына ауыр дене жарақатын алды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Өкінішке қарай, өңірде жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Соңғы 10 айда 327 жағдай тіркелген. Салдарынан 39 адам қаза тапқан, 463 адам жарақат алған. Баяндамасында Айдын Тоқтарұлы жалпыға ортақ ережені негізгі бұзушыларды атады.
АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:
– Жол жүрісі қағидаларын жаяу жүргіншілер, рөлге масаң күйде отырғандар және жылдамдық режимін асырғандар бұзады. Бұл үшеуі жолдағы адам өліміне әкелудің негізгі факторы болып отыр. Біз осы жол-көлік оқиғасын азайту және оған жол бермес үшін заңнама аясында барлық қажетті шаралар қабылдауымыз қажет.
Жыл басынан бері өңірімізде 60 мыңға тарта адам жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылыпты. Олардың 25 мыңнан астам өрескел бұзушылыққа жол берген. Сонымен қатар, 1 мыңға жуық тұлға масаң күйде рөлге отырған.
Байболат Култанов