Құқық қорғау органдары

“Мектеп” жедел-алдын алу шарасы

Қаладағы колледждердің бірінде ювеналды полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен профилактикалық шара өткізілді. Тақырып заңға қатысты, яғни заң талаптарын түсіндіре отырып жасөспірімдер арасында болатын қылмыстың алдын алу. Ұсақ бұзақылық неге апарады? Қоғамдық жерде арақ ішу немесе мас күйде жүргені үшін қандай жаза қарастырылған? Бұл жайында қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Дархан Бейісов баяндады.

Дархан БЕЙІСОВ, қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы:

– Шараның мақсаты – колледж студенттері мен мектеп оқушыларын жасөспірімдер арасында жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстар және оған қандай жауапкершілік қарастырылғандығы туралы хабардар ету. Заңды білген жас ала жібінен аттамайды.

Заңның ала жібін аттау адамның биографиясына сызат түсіреді.
Содан кейін осы сызат жұмысқа орналасу кезінде кедергі болады.
Мәселен, мемлекеттік қызметке орналасуға ниетті жанның жақындарының да, өзінің де соттылығы болмауы керек. Судья, сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қатынастары жайында баяндады. Бұндай жүздесулер
“Мектеп” жедел-алдын алу шарасы аясында ұйымдастырылып жатыр.

Динара МҰҚАНОВА, қалалық ПБ ЖПҚБ аға инспекторы:

– 2023 жылғы 26 қазан мен 2 қараша аралығында Солтүстік Қазақстан облысы аумағында «Мектеп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл іс-шараға Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясымен бірлесіп алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Жиында тәртіп сақшылары буллинг, қорқытып бопсалау және жеке тұлғаға қарсы қылмыс тақырыптарын қозғады.