Петропавлда бокстан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған жастар арасындағы ашық республикалық турнир бастау алды. Биыл 10-шы рет ұйымдастырылып отырған жарыс әдеттегідей мықты спортшылардың басын қосты.
АНТОН ЛОПАТИН, Камиль Сафин атындағы бокс мектебі директорының орынбасары:
– Бұл жолғы жарысқа 73 боксшы қатысып жатыр. Олар Қазақстанның бірнеше өңірінен және Ресейден келді. Бәсекелестік жоғары. Біз шаршы алаңда нағыз тартысты көретін боламыз.
Турнирге шақырылған құрметті қонақтардың бірі – Камиль Сафиннің зайыбы Ильгиза Сафина. Нәзікжанды келіні мен немересін ала келіпті. Камила есімді сүйкімді қыз атасы мен әжесінің үйленген күнінде өмірге келген екен.
ИЛЬГИЗА САФИНА, Камиль Сафиннің зайыбы:
– Биыл – Камиль Сафиннің өмірден өткеніне 10 жыл. Бастапқы жылдары еске алу турниріне келіп жүрдім. Жасыратыны жоқ, өзімді жайсыз сезінетінмін. Сөйтіп, ендігі жарыстарға бармаймын деп шештім. Бірақ, бүгін отбасыммен келуді жөн көрдік. Әжептәуір жас жиылыпты. Барлығына сәттілік тілеймін!
Бұл турнир жылда тартысты өтеді. Алғаш болып шаршы алаңға 51 келі салмақ дәрежесіндегі Виктор Рыжков пен Мәди Рақымжан шықты. Қарағандылық және қостанайлық боксшы тістене жұдырықтасты. Бапкерлерінің ақылын тыңдаған Мәди кездесудің соңына таман сауатты қимылдады. Соның арқасында жеңіске жетті.
МӘДИ РАҚЫМЖАН, турнирге қатысушы, Қостанай облысы:
– Кездесу қиын болды. Қарсылас мықты. Жаттықтырушылардың айтқанын тыңдадым. Үлгі тұтатын боксшым – Сабырхан Махмұд.
КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған ашық республикалық турнир 5 күнге жалғасады. Үздіктер дәстүрге сай жеңіс тұғырына көтеріліп, марапат алмақ.
Байболат Култанов