Спорт

Петропавлда киокушинкай каратеден турнир өтіп жатыр

Бүгін Петропавлда балалар мен жасөпірімдер арасында киокушинкай каратеден облыстық турнир жалауын көтерді. Облыс әкімінің кубогі үшін 39 салмақ дәрежесі бойынша 7 мен 13 жас аралығындағы 600-ге жуық спортшы бақ таластырады.

Үш татамиде де бірден қызу шайқас басталып кетті. Ортаңғысына 35 келі салмақ дәрежесінде қоңыр белбеудегі Тимур Искаков мен қызғылт сары белбеудегі Серік Әлібек шықты. Жарыс басталғаны сол-ақ еді Тимур қарсыласын бірден ізе бүктірді.

ТИМУР ИСКАКОВ, жарысқа қатысушы:

– Аяғым қарсыласымның басына тиді. Каратемен айналысып жүргеніне – 6 жыл. Негізі, түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп отырамын.

Кейін ортаға Бекарыс Божатов пен Егор Мортынов шықты. Қос қарсылас бір-біріне дес берер емес.

БЕКАРЫС БОЖАТОВ, жарысқа қатысушы:

– Әуелі қарсыласыңды сырттай зерттеп алу қажет. Қарсыласым аяғын көтеріп жатқан кеуде тұсынан соққы жасадым. Солай жеңіп кеттім. Жақын арада Омбыға баруды жоспарлап отырмыз. Келешекте каратеден жаттықтырушы болғым келеді.

Киокушинкай каратеден облыстық турнир 2005 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Өңірде спорттың бұл түрімен 2 мыңға жуық бала айналысады.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, Бүкілқазақстандық киокушинкай карате ұйымы облыстық филиалының директоры:

– Биыл еліміздің өңірлерінде және шетелде бастау алатын бірқатар ірі турнирге баруды жоспарлап отырмыз. Бізде 3 әлем чемпионы, 10 әлем чемпионатының жүлдегері бар. Биыл Жапониядан екі алтын әкелдік. Жыл сайын Еуропа чемпионатына барамыз, жыл сайын чемпион атанамыз. Жүлделі орыннан түспейміз.

Жеңімпаздар желтоқсан айында өтетін ел чемпионатына қатысады. Онда жеңімпаз атанғандар келесі жылдың тамыз айында бастау алатын әлем чемпионатына қатысады.

 

Гульден Симбаева