Құқық қорғау органдары

СҚО-да есірткі жасырумен айналысатындардың жартысы – 25-ке толмаған жастар

Облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жуырда синтетикалық есірткі өткізді деген күдікпен қала тұрғынын ұстады. Футболмен де, есірткі сатумен де айналысқан 18 жастағы жігіт оқуын тастап кетіпті. Одан ішінде күдікті заты бар 19 «зиплок» пакеті салынған екі түйіншек пен сарғыш түсті зат салынған 10 пакет тәркіленді. Сондай-ақ, есірткі қабылдағанда қолданылатын дүниелер шыққан. Тәркіленіп алынған заттың α-PvP психобелсенді есірткі екені сараптама барысында анықталды. Жалпы салмағы 25 грамнан асады. Бұл аса ірі көлемге жатады. Аталған факті ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясында 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша
өңірде 9 айдың ішінде есірткі өткізді деген айыппен 102 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның жартысына жуығы – 17 мен 25 жас аралығындағы жастар. Жыл басынан бері облыста заңсыз айналымнан 700 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның 2 келіден астамы – синтетикалық есірткі.