Спорт

Петропавлда Жаңаберген Қармандаевты еске алу турнирі бастау алды

Петропавл бозкілем шеберлерінің басын қосты! Облыс орталығында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жаңаберген Қармандаевты
еске алуға арналған грек-рим күресінен ашық республикалық турнир бастау алды. Теріскейде туған атақты тұлғаның есімі күрес тарихында алтын әріппен жазылып қалған. Мұны барша жұрт білуі тиіс.

АБЫЛАЙ ҚАРМАНДАЕВ, Жаңаберген Қармандаевтың інісі:

– Талай шәкірт тәрбиеледі. Қазір сол балалар бапкерлік жұмыс істеп жатыр. Дүниежүзілік күрес федерациясының алтын орденімен марапатталды. Бүкіл дүние жүзіне әйгілі бапкер бола білді.

Қазақстанның 10 және Ресейдің 2 өңірі. Талай жастың томағасын сыпырған бапкердің турниріне 10 салмақ бойынша 100-ден астам палуан келді.

Бозкілемде петропавлдық және қарағандылық білекті жігіттер күресіп жатыр. Екеуі де осал емес. Бірақ, бүгінгі белдесуде жергілікті Рауан Бекімов мықты атанды.

РАУАН БЕКІМОВ, палуан, Петропавл қаласы:

– Мен Қазақстан және Азия чемпионы болдым. Әлем біріншілігіне қатыстым. Спорт шебері нормативін орындадым. Алда көп тер төгеміз. Осы және өзге де турнирлерде жеңіске жетіп, көк туымызды желбіретсем деймін.

Турнир жеңімпаздары ертең анықталады. Жарыстың қорытындысы бойынша чемпиондар мен жүлдегерлер жеңімпаз белдігі, медаль және ақшалай сертификатпен марапатталады.

 

Гульден Симбаева