«Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру. Осы орайда «AMANAT» партиясының өкілдері жыл соңына дейін мыңнан астам
қала тұрғынының қаржылық сауаттылығын арттыруды жоспарлап отыр.
Ұйымдастырушылар облыс орталығындағы 13 колледждің барлығын қымтымақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта аталған жоба аясындағы шаралар мектеп-ауруханалар мен ірі кәсіпорындарда өткізіледі.
АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы:
– Ай сайын 3 тыңдаушы топтан құрылып отырады. Оған 18 жасқа толған колледж студенттері мен қызметкерлері қатыстырылады. Бір топта 50 адамға дейін болады. Оқыту курсы ең алдымен жастар үшін пайдалы. Жоба борышкерлер санын және халықтың банк алдындағы қарызын азайтуға бағытталған.
Оқу курсы барысында қатысушылар қаржылық сауаттылықтарын арттырып қана қоймай, алаяқтардың арбауына түспеудің жолдарын да үйренеді. Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызына тоқталып өткен болатын.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет.
Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясы елдегі банктердің бірімен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Жобаға банкке қарызы бар жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер қатыса алады. Жоба аясында борышкерлеге заң тұрғысынан тегін консультациялық көмек көрсетіледі.
Гульден Симбаева