Құқық қорғау органдары

Фортепианоның ішінен қару табылды

Петропавл қаласының 41 жастағы тұрғыны “102” пультіне хабарласып, үй жөндеу жұмыстары кезінде мылтық табылғанын айтқан. Мекенжайға учаскелік полиция инспекторы барады. Бұл баспана азаматшаға осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған әкесінен мұра ретінде қалыпты. Ал жиналған қару фортепианоның ішінде жатқан. Тексеру кезінде оның тіркелмеген және қылмыстық есепке алынбаған 16 калибрлі мылтық екенін анықталды. Қос ұңғылы дүние алдағы уақытта жойылмақ. Ал тәртіп сақшыларына хабарласқан әйел жауапкершілікке тартылмайды.

ОЛЬГА РУДНЕВА, қала тұрғыны:

– Шынымды айтсам, мен қатты қорқып кеттім. Бұрын үйде рұқсат құжаттарын көрген емеспін. Енді полиция мені жазалайтын шығар деп ойладым. Дегенмен, “102” нөміріне қоңырау шалдым. Келген инспектор маған бәрін түсіндіріп берді. Қаруды тапсырып, белгілі бір ақы алуға болатын іс-шара өткізіліп жатқанын да айтты.

Жақында өңірде әкімшілік полиция басқармасының бастамасымен “Қару” жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Қорытындысы мәлім. Мамандар тұрғындардан бірнеше тіркелмеген мылтық алыпты.

ЕРБОЛАТ ҚАБЫРОВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

– Қаруды қолдана жасалатын қылмыстардың алдын алу, сақтау ережелерін түсіндіру мақсатында облыста «Қару» жедел-алдын алу шарасы өткізілді. Жедел-алдын алу шарасы барысында 7 тіркелмеген қару тәркіленді. Сондай-ақ, қаруды сақтау және қайта тіркеу ережелерін бұзғаны үшін 20-дан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. СҚО тұрғындарынан заңсыз сақталған атыс қаруы мен жарылғыш заттарды ІІО ерікті түрде тапсыруға немесе тыйым салынған заттардың болу орны туралы 102 пультіне хабарлауға шақырамыз. Бұл ретте нақты тексерістерден кейін сіздер әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатыласыз.

Жалпы, жыл басынан бері өңір полицейлері 120-дан астам тіркелмеген қару тәркілепті. Сондай-ақ, тұрғындар мамандарға 13 қаруды өз еркімен тапсырған. Қаруды сақтау шарттарын да назарда ұстау керек. Биыл өңірде тиісті ережелерді елемеген 800-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

Байболат Култанов