Қазіргі құбылмалы ауа райында жылы киініп әрі сақтанып жүрмесе болмайды. Аққайыңдар өлкесінде инфекциялық және паразиттік аурулардың өсуі байқалады. Мұндай мәлімдемені журналистермен жүздескен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев жасады.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Облыс бойынша 10 инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша сырқаттанушылық көрсеткіштерінің өсуі байқалады. Айта кетсек, педикулез – 3 есеге, жіті респираторлық вирустық инфекциялар – 2 есеге, желшешек – 2 есеге, дерматомикоздар – 35 пайызға, туберкулез – 21 жағдайға, қызылша – 23 жағдайға және көкжөтел 10 жағдайға өскенін байқап отырмыз.
Мамандарды көкжөтелге және қызылшаға қатысты жағдай қатты алаңдатып отыр. Алғашқысы бойынша айтсақ, былтыр осы кезеңде өңірімізде небәрі 1 ғана науқас тіркеліпті. Биылғы емделушілердің дені – 14 жасқа дейінгі балалар. Тағы тізімде Тәжікстаннан келген 2 азамат та бар. Сырттан келгендердің ағзасынан қызылша да анықталды. Әсет Жұматаевтың сөзінше, өткен жылғы сәйкес мерзімде облысымызда бұл дертке бірде-бір адам шалдықпаған екен.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Қызылшаның расталған жағдайларының ішінде 3 әкелінген жағдай тіркелді (БАӘ, РФ және Қырғызстан). Қызылша аумақтық түрде келесідей бөлінеді: Петропавл қаласы – 18 жағдай, Мағжан Жұмабаев ауданы – 2 жағдай, Аққайың, Мамлют және Жамбыл аудандарында – 1 жағдайдан.
Баспасөз брифингінде департамент басшысынан коронавирусқа қатысты ахуалды сұрадық. Сөйтсек, бұл дерт әлі жойылмапты.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Қазан айында 6 адамның коронавирусқа шалдыққаны анықталды. Бәрі емделіп шықты. Науқастардың саны өсуі мүмкін. Себебі, шекара ашық. Ел азаматтары шетелдерге барып, ауру әкелуі мүмкін.
Әр адамның өмірі өз қолында. Әсет Жұматаев қауіптілікті айта келе, тұрғындарды сақтанып жүруге және екпе алуға шақырды.
Байболат Култанов