Мәдениет

Өңірде бірнеше батырдың жерленген жері анықталды

Солтүстікте айлап аттан түспеген, рухы мүлде өшпеген бәленбай батыр болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қуанышымызға орай, араға жылдар салып тарихтың жұмбақ сырлары ашылуда. Бұл ретте жергілікті бір топ маманның еңбегі зор. Құрамына профессор Жанбатыр Сартаев кіретін ұжым Жамбыл ауданына қарасты Орталық ауылында Сүйіндік батыр жерленгенін анықтапты.

ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР және РФ әскери ғылым академигі:

– Жамбыл ауданында Баян деген ауыл бар. Сол жерде Мықтыбай Бекайдарұлы деген батыр болған. 1720 жылы туған. 14-15 жасында Абылай ханның көзіне түскен. 19 жасында Жоңғардың керемет батырын өлтіреді.

Атынан ат үркетін Мықтыбай Бекайдарұлының да жерленген жері белгілі. Ол солтүстіктің 40 жігітімен бірге кезекті шайқастан өңірге келе жатыпты. Қазақтың батырларын аңдыған жоңғарлар жолдағы құдықты улайды. Сөйтіп, уланған суды ішкен Мықтыбай 29 жасында өмірден өтеді. Топырақ бұйырған жер – Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақжал ауылы.

ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР және РФ әскери ғылым академигі:

– СҚО бидайымен ғана бай емес, батырларымен де бай. Есіл ауданындағы Жарқайың ауданында 15 батыр болыпты. Бәрі – Жұмық батырдың туыстары. Солардың 14-ін таптық. 15-ші батыр Қарағанды облысында жатыр деген дерек бар.

Жергілікті топтың биылғы ауқымды жұмысының жемісі – 17-ші ғасырда өмір сүрген Жәнібек Төлекұлының жатқан жерін анықтау. Жамбыл ауданында жерленген батыр атақты Ағынтай және Қарасаймен бірге жүріпті. Тарихи шайқас – Орбұлаққа да қатысқан екен.

ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР және РФ әскери ғылым академигі:

– Көп дүниені академик Қозыбаев жазған, Алматының архивтерін ақтардық. Мұның бәрін жастар білуі керек.

Жергілікті топ жұмысты тоқтатпайды. Жерлестеріміз қазақстандық және ресейлік ғалымдармен білек біріктіріп, тарихтың тереңіне бойламақ. Мақсат – батырлар жайлы деректер табу, тас қойып, құран оқыту және келешек ұрпаққа таныту.

 

Байболат Култанов