Денсаулық сақтау

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында еңбек етуде

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында елді мекендерге барғысы келетіндердің саны артып келеді. Ауылды жерде еңбек етем деушілердің бірі – 19 жастағы Дмитрий Мальцев. Петропавлдағы жоғары медициналық колледжін бітірген жас маман қазір Қызылжар ауданында фельдшер болып жұмыс істеуде.

ДМИТРИЙ МАЛЬЦЕВ, Рассвет ауылындағы медициналық пункттің фельдшері, Қызылжар ауданы:

– Мен осы ауылда дүниеге келгенмін. 2019 жылы жоғары медициналық колледжге оқуға түстім. Оқу орнын аяқтайтын кезде жұмысқа орналасу жайлы ойлана бастадым. “Дипломмен ауылға” бағдарламасын бастан-аяқ зерттеп шықтым. Түптеп келгенде осы жоба арқылы туған ауылыма, өзім білетін тұрғындарға еңбегім сіңгені дұрыс болар деп ойладым. Баспана сатып алу үшін 9 жылға 1%-дық мөлшерлемемен 2 млн 900 мың теңгеге несие алдым. Талап бойынша осы жерде 3 жыл жұмыс істеуім керек.

Фельдшерлік пункт ауыл әкімдігінің екінші қабатында орналасқан. Дмитрий күніне 10-ға жуық тұрғынды қабылдайды.

СВЕТЛАНА МОЛОЖЕНКО, Рассвет ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мен өзім жақында инфаркт алдым. Қант диабетім тағы бар. Есепте тұрмын. Дәрі-дәрмекті Бескөлге барып алып кетемін. Жаңадан келген фельдшер – көз алдымызда өскен бала. Сондықтан болар, сеніміміз мол. Аяқ асты қан қысымым көтеріліп кетсе үйге келіп, өлшеп, ем-домын жасайды.

Айта кететін жайт, бұл ауылда осыдан 2 жыл бұрын су жаңа медициналық пункт бой көтерген. Дегенмен, әлі күнге дейін қолданысқа берілмепті. Округ әкімі Абай Шайменовтің айтуынша осы жылдың соңында мекеменің іші құрал-жабдыққа толтырылып, халық игілігіне ұсынылмақ.

АБАЙ ШАЙМЕНОВ, Рассвет ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Жаңа ФАП жеке кәсіпкер Біржан Шәймерденовтің қолдауымен салынған болатын. Оның ішінде аптекалық пункт бар. Ал біздің ауылға аптасына 2 рет Бескөлден терапевт келіп тұрады. Біздің округте 4 ауыл бар. Оның төртеуінде медициналық пункт бар, бірақ Водопроводное ауылында жұмыс істейтін маман жоқ. Оның себебі – үй мәселесі. Оны шешу үшін аудандық бюджеттен ақша бөлініп, үй сатып алмақпыз.

Жалпы, Рассвет ауылында 250 үй түтін түтетіп отыр. Халқының саны 600-ден асады.