Ұлдар «Асық атудан» жарысса, қыздар бес асық ойынын ойнап, мықтыны анықтады. Жалпы 8 ауданнан 9 команда қатысып жатыр. Барлығы – 100-ден астам ойыншы.
АҚЖАН СҰРАҒАНОВ, жарыстың бас төрешісі:
– Бұл – облыстық іріктеу жарысымыз. Алда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының кубогі өткелі жатыр. Осы жарыста чемпион болған командаларды сол жарысқа апаратын боламыз. Асық ату ойынына келетін болсақ, бұл – өте ежелден келе жатқан ата-әжелеріміз ойнаған ойындардың бірі. 2017 жылы қазақ халқының ұлттық ойыны ретінде Корея мемлекетінің Сеул қаласында ЮНЕСКО-ның құрамына енді. Бұл өте қуанышты жағдай.
Бүгінде Асық ату ойыны жақсы дамып келеді. Бұл спорт түрінен жарыс жыл сайын ұйымдастырылады. Мәселен, Жамбыл ауданынан келген команда облыс, республикалық турнирлерден жүлдемен оралып жүр.
СӘЛІМБАЙ САДУЕВ, жаттықтырушы:
– Мен өзім Асық ату ойынын мектеп кезімнен бастадым. Түрлі жарыстарға қатысып, мектептегі оқушыларға үйретіп, оларды жаттықтырамын. Өзім Жамбыл ауданындағы Благовещенка жалпы орта мектебінің оқытушысымын. Біздің аудан ерлер арасындағы асық атудан облыстың үш дүркін чемпионы. Асықшыларымыздың асығы алшысынан түсіп осылай ұлттық спортымыз дами берсін.
Ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан турнир 22 қазан күні аяқталады. Бұл – іріктеу жарысы. Жеңімпаздар Қазақстан Кубогінде өңір намысын қорғамақ.