Денсаулық сақтау

Дәрігерлер қан тапсырды

Бүгін облыстық көпбейінді аурухананың қабырғасы адамға толы. Хирургия бөлімінде ығы-жығы жұмыс. Себебі, бүгін қаладағы ақ халатты абзал жандар қан тапсырып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созбақ. Бұл игі іс жыл сайынғы дәстүрге айналған көрінеді.

СӘКЕН ӘМРИН, облыстық көпсалалы ауруханасының бас директоры:

– Медицина саласында қан тапсыру деген қызмет бар. Біз жыл сайын аурухана базасында облыстық қан орталығымен бірлесіп осындай шара өткіземіз. Қазір алынған қанның ауруханадағы қиын жағдайдағы науқастың өмірін арашалап қалуға септігі тиеді. Сонымен қатар, бұл аудандардағы емдеу мекемелеріне де жеткізіледі.

Донор болып келген дәрігерлер ең алдымен тексерістен өтеді. Аты-жөні мен мекен-жайы тіркеліп, бойы, салмағы мен қан қысымы өлшеніп, гемоглобині бақыланады. Ал алынатын қанның мөлшері 500 мл-ның маңайында.

ВАЛЕНТИН ДИГТЯР, облыстық қан орталығы директорының орынбасары:

– Қанды тапсыру алдында донор терапевтің қабылдауы мен алдын ала медициналық тексеруден өтеді. Дене температурасынан бастап жүрегінің соққысына дейін жіті бақыланады. Мүмкіндігінше қанды аш қарынға таңертеңгі уақытта тапсырған жөн.

Анестезиолог-реанимотолог Ренат Ғазизовтың бұл ауруханаға жұмысқа орналасқанына жарты жылдың ғана көлемі болыпты. Мұндай игі іске студент кезінен бері қатысып келеді. Қазір ақ халатты арнайы тексерістен өтіп, сауапты іс жасамақ.

РЕНАТ ҒАЗИЗОВ, облыстық көпсалалы ауруханасының анестезиолог-реанимотологы:

– Мен жылына бір немесе бірнеше рет қан тапсыруға тырысамын. Жалпы, адамның қаны қою болса, қан қысымы көтерілуі мүмкін. Сол себепті, қан тапсыру – өзің үшін де, өзге үшін пайдалы іс. Менің гемоглобинім жоғары, оны реттеп отыру үшін донор боламын.

Жалпы, 3 сағатқа созылған шара барысында 60-қа жуық абзал жан қан тапсырды.