Қоғам

Шетелдік тіркеудегі автокөліктер бойынша рейдтік шара өтіп жатыр

Шетелде тіркелген және Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін автокөлік құралдарын пайдалануға тыйым салынған. Еліміздің аумағына шетелден әкелінген көліктерді заңдастыруға берілген уақыт 1 қыркүйекте аяқталды. Сол уақыттан бастап өңір полицейлері шетелдік нөмірдегі автокөліктерді тексеру бойынша күн сайын рейд жүргізіп жатыр.

Тәртіп сақшылары жүргізуші мен көлік құралын тіркеу куәліктерін және басқа да құқықтарын растайтын құжаттарды тексереді. Рейдтік шараның барысында 40-тан астам құқықбұзушылық анықталды. Соның бірі сақтандыру полисі мерзімінің аяқталуы, техникалық байқаудан уақытылы өтпеуге қатысты.

Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Шетелдік есепте тұрған көлік құралдарының жүргізушілері тарапынан әкімшілік заңнама бұзушылықтарын анықтау бойынша полиция қызметкерлерімен рейдтік іс-шаралар жалғастырылуда. Аталған іс-шаралардың басынан 432 автокөлік тексерілді.

Жыл басынан бері облыста шетелдік тіркеудегі автокөліктердің қатысуымен 34 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 52 адам түрлі дене жарақатын алған.