Қоғам

Қала тұрғындары еріктілердің сауалдарына жауап берді

Мемлекеттік рәміздер деген не? Ұлттық тағам мен сусын түрлері қандай? Бүгін жерлестерімізге еріктілер тосыннан осындай сұрақтар қойды. Шара республика күніне арналды. Серуендеушілердің бірі волонтерлердің сауалдарына мүдірмей жауап берсе, енді бірі білгенінен жаңылды.

Саябақта отырған қос бұрымдыға да сауалдар қойылды. Лариса мен Александра есімді арулар сынақтан сүрінбей өтті. Жерлестеріміз қолдарын жүрек тұстарына қойып, мерекеге орай әнұранды жатқа айтып берді.

Ұлты өзге болса да жүректері Қазақстан деп соққан арулар мерекенің маңыздылығына тоқталды. Жерлестеріміз елімізге тыныштық тіледі.

– 25 қазан бұл жай ғана демалыс күні емес. Бұл біз үшін маңызды мереке. Әрбір адам осындай тәуелсіз елде, дамудың даңғыл жолына шыққан елде тұрып жатқанымен мақтануы керек.
– Әлемде болып жатқан жағдайларға қарамастан елімізде әрқашан тыныштық болса деймін. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрейік.

Сауалдың шешімін тапқандарға да, білгенінен жаңылған жандарға да еріктілер бір-бір тудан ұстатты. Жалпы, бұл акцияны қалалық жастар ресурстық орталығы өткізіп отыр.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Мұндай шараны колледждерде де өткізіп жүрміз. Мақсатымыз – мерекені ерекше атап өту. Тұрғындардың мемлекетіміз жайлы көбірек білуіне ат салысу. Бұл челленджді аудан жастарына да жолдап жатырмыз.

Бұдан бөлек еріктілер қазанның 24-і күні ауқымды автошеру мен флешмоб ұйымдастырмақ ниетте.

 

Алдияр Айтпаев