Білім

Қызылжарда Айтыскерлер сыныбы ашылды

Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясына өңірімізге танымал тіл мамандары, ақындар кіріп келеді. Құрметті қонақтарды білім ұясының таланттары қарсы алды.

Меймандар бас ақынның аты берілген оқу ұясына жайдан-жай келген жоқ. Қара шаңырақта музыка, хореография және театр бағытында жұмыс істейтін орталық бар. Бүгін бұл тізімге айтыс қосылды.

ДӘМЕШ ҚҰРМАНКИНА, Өнер орталығының меңгерушісі:

– Бұл – болмаған жағдай. 8 оқушы таңдап алынды. Жүйелі түрде жұмыс жүргізіледі.

Оқытушы белгілі. Балаларға ұлттық өнердің қыр-сырын өңірімізге танымал ақын Жарқын Жұпархан үйретеді. Яғни, дайындап, аламанға қосады. Айтыскерлер сыныбы ашылмас бұрын жиналғандар арнау тыңдады.

Көп күттірген сәтке де келіп жеттік. Айтыскерлер сыныбын талай жастың томағасын сыпырған күйші, облыстың құрметті азаматы Серікбай Құсайынов пен тіл маманы Жанар Таласпаева ашты. Айта кетейік, қазір мектеп-гимназиясы қабырғасындағы “Өнер орталығында” 420-ға тарта бала тәлім алады.

 

Байболат Култанов