МТРА жаңалықтары

Явленка ауылында тұйық көшелер жөнделуде

Есіл ауданының орталығы – Явленкада жауыр болған мәселе – тұйық көшелер қалыпқа келтіріліп жатыр. Нақытрақ айтқанда, қиыршық тас төселіп, үсті тегістелуде.
Қыркүйек айының 22-сінен басталған қызу жұмысқа аудандық бюджеттен 31 млн теңге қаражат бөлініпті. Мердігер – жергілікті «Мега Строй Инвест» серіктестігі.

ОЛЬГА ЯНУШКИНА, Явленка ауылдық округі әкімдігінің аймақтық даму жөніндегі бас маманы:

– Явленка ауылында көңіл көбіне басты жолдарға бөлінеді. Осы жылы ауыл тұрғындарының өтінішімен шеткі тұйық көшелерді қолға алып отырмыз. Жұмыс қыркүйек айының 22-сі басталған болатын, енді қазанның 22-сіне дейін аяқталуы тиіс.

Жергілікті тұрғындардың бірі Павел Зубовтың айтуынша маңайға жылда су жиналады. Жол жөндеу жұмысы сапалы атқарылса жаяуға да, көлікке де қатынау жеңілдейді.

ПАВЕЛ ЗУБОВ, Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Бұл көшенің бойында орналасқан үй тұрғындары үшін көктем мен күзде жүру қиындап кетеді. Айналаны қар ерігенде немесе жаңбыр жауғанда су басады. Жол жөндегеннен кейін жағдай түзелуі тиіс.

Жөнделіп жатқан тұйық көшелердің жалпы ұзындығы 4 шақырымды құраса, ені 4 метрді алады.

АЛЕКСАНДР ЛЕБЕДЕВ, учаске бригадирі:

– Қазір 5 адам жұмыс істеп жатыр. Автогрейдер, каток пен камаз техникалары пайдаланылуда. Қиыршық тасты төсеп қойдық, енді оны тегістеу үстіндеміз. Ауа райы жақсы болса, жұмысты белгіленген уақыттан ертерек аяқтаймыз.

Жалпы, жоспарланған 10 тұйық көшенің 5-еуі жөнделген.