Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінде республикалық балалар оқулары байқауының облыстық кезеңі өтті. Оған облыс орталығы мен аудандардан 32 оқушы келіп қатысты. Білім мен өнер додасының қалалық және аудандық кезеңдерінде
барлығы – 373 бала бағын сынаған екен. Байқау 8 бен 10-шы сынып оқушылары арасында өтіп жатыр.
ӘКЕЖАН ҚАЖЫҒАЛИЕВ, Бексейіт орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Мамлют ауданы:
– Былтырғы ұйымдастырылған байқауға 1 оқушы қатыстырған болатынбыз. Ал биылғы байқаудың аудандық кезеңіне 4 оқушы қатыстырып, соның 3 оқушысы осы облыстық кезеңге өтіп, өздерінің белсенділігін танытты. Жалпы, дайындық өте жақсы деп ойлаймын. Біз бұл байқауға 2 ай көлемінде дайындалдық. Әр сыныптың оқушысы 2 кітаптан оқыды. Біреуі – қазақ тіліндегі кітап, екіншісі – шетел әдебиеті. Осы кітаптарды оқу арқылы оқушыларымыздың бойында кітап оқуға деген құштарлығы артты және байқаудан 1-ші орын алады деген сенімділіктері пайда болды.
Эссе жазу үшін 90 минут беріледі, ал тест сұрақтарына жауап жазуға 60 минут уақыт жеткілікті. Жеткіншектердің өнері мен білімін қазылар алқасы бағалайды.
САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, қазылар алқасының мүшесі:
– Қазылар алқасында 5 адам бар. Оның ішінде ақын-жазушылар ғана емес, білім беру саласында іс тындырып жатқандар, қажырлы еңбек еткендер де бар. Сонымен қатар, мәнерлеп оқу шеберлігін қалыптастырған азаматтар да бар.
Самрат Құскеновтің айтуынша, бұндай шаралардың берері мол.
САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, қазылар алқасының мүшесі:
– Мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса болашақта талай мықты жазушы, аса көрнекті ақын және де қарымды қаламгерлер, дарынды талапкерлер өсіп-өніп, шыңдалып, биік шыңдарға шығады. 1:30. Болашаққа бет бұратын болсақ, теледидар көргенді, интернетте отырғанды кітап оқығандар басқарады. Болашағымыз жарқын, бағдарымыз айқын болуы үшін балаларды кітап оқуға ынталандыру керек және құштарлығын оятып, талантының жолын ашып, қолымыздан келгенше ағалық танытуымыз керек.
Байқаудың республикалық кезеңі қазанның 12-сінде өтеді. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталады.