Экология

Қазанның 3-ші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні

Бүгін 40 мың гектардан астам аумақты алып жатқан Мамлют орман шаруашылығының жай-күйімен таныстық. 4 питомниктен тұратын аталмыш орман шарушылығындағы мамандардың табиғатты көркейтуге қосып жатқан орасан үлестеріне куә болдық.

ДМИТРИЙ РЕММИХ, Мамлют орман шаруашылығының директоры:

– Бұл орман шарушылығы Кондратовское, Белое және Мамлют шаруашылықтарынан тұрады. Оның ішінде 6 шеберхана учаскесі мен 24 айналма жол бар. Сонымен қатар, 41 қызметкер бар.

Бұндағы күзетшінің жұмысы да орасан жауапкершілікті талап етеді. Жайқалған жасыл желек орманды бір сәт көзден таса етпейді. Алдындағы экран арқылы қалт еткен нәрсенің барлығын бақылауда ұстап отырады.

Жалпы, орман шаруашылығының мамандарының жұмысы маусым сайын өзгереді. Яғни, көктем мен күз айында мұндағылар ағаш егумен айналысады. Биыл Мамлют орман шаруашылығы бойынша 250 гектар жерге жас көшет егілуі керек болса, оның 120-ы көктем мезгілінде отырғызылып қойған екен. Дәл қазір табиғат қорғаушылары мына аумаққа қайың ағаштарын егуде. Қаз-қатар орналасқан бұл көшеттердің ара қашықтығы талапқа сай болуы керек. Әйтпесе, бір-біріне кедергі болып өспей қалуы мүмкін. Дәл осы жұмыспен айналысып жүргеніне 20 жыл болған Бекарыстан Қаймұлдинов істің бүге-шүгесіне дейін айтып берді.

БЕКАРЫСТАН ҚАЙМҰЛДИНОВ, Мамлют орман шаруашылығының орманшысы:

– Жұмыс бойынша шелектегі жас ағаш көшеттерінің тамырын судан шығарып, жел кірмесін деп дұрыстап аяқпен басып отырғызамыз. Биыл еккеніміз шамамен 3 жылдан кейін 1 жарым метрге дейін өсіп, жайқалады.

Мамлют орман шаруашылығында барлығы сияқты айтып келмейтін жау – өрттің алдын алу шараларын қатаң ұстанады. Арнайы құрал-жабдықтар да өз орнында. Алда-жалда оқыс оқиға орын алса қызметкерлер жедел әрекет етуге дайын.

АЙДАРХАН НАУРЫЗБАЕВ, Мамлют орман шаруашылығының орманшысы:

– Негізгі жұмыстар көктем мезгілінде басталады. Орманды өрттен қорғау және ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Жаз мезгіліндегі міндетіміз өрттен және заңсыз кесуден, орман зиянкестерінен қорғау. Ол үшін жыл сайын ақша бөлініп тұрады, көлік пен техникалар жаңартылып тұрады. Киетін формалар беріледі. Қазір заңсыз кесу бұзушылықтары орын алған жоқ. Себебі, біз арнайы рейдтік іс-шаралар өткіземіз. Ал заңсыздық орын алған жағдайда үлкен көлемдегі айыппұл салынады.

Жалпы, теріскей өңірінде барлығы – 550 мың гектарды құрайтын осындай 12 мемлекеттік орман шаруашылығы бар.