Спорт

Спортшы балалармен Жолдау талқыланды

Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алатын жастар спорт залда емес, акт залында бас қосты. Мұнда бүгін жастармен жүздесу үшін аға буын өкілдері келіп отыр.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бұл мектепке келу себебіміз – Жолдауда айтылған міндеттер мен мақсаттардың барлығын оқушыларға жеткізу, олар осы күннен бастап экономиканы, елді өркендету жолдарын, сонымен қатар, “Адал азамат” және “Әділетті Қазақстан” ұғымын білуі тиіс.

Аты айтып тұрғандай, Президенттің биылғы Жолдауы жаңа әрі әділетті Қазақстан құруға негізделген. Жангелді Тәжин саяси маңызды құжаттың бүге-шүгесіне тоқталды. Ұстаздарға ұсыныс та білдірді.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Әр оқу орнында оқушылардың ар-намыс кодексі болуы керек. Бұл кодексті жоғары сынып оқушылары міндетті түрде ұстанғаны жөн. Мен ұсынған кодекс Президенттің Жолдауына негізделген.

Болашақ чемпиондар ауылдан да шығады. Толағайлардың томағасын сыпыру үшін әр елді мекенде дене шынықтыру нысандары салынуы тиіс. Мамандардың да біліктілігі жоғары болуы міндетті.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қаржы бөлінуі тиіс. Егер тәні, дені сау адамды тәрбиелегіміз келсе, жағдай жасалуы керек. Сонымен қатар, бапкерлер ұмыт қалмауы қажет. Бұл тұрғыда Президент өте жақсы айтты.

Кездесу соңында спикерлер жастарға білім алып, спортпен айналысып, еліміздің көк туын тек биікте желбіретуді тіледі.

 

Байболат Култанов