Қанша күш жұмсалғанымен мемлекеттік сатып алу саясатында әлі де бұзушылықтар тіркелуде. Бұл салада “бағаны жасанды көтеру” деген түсінік бұрыннан бар. Мұндай факті соңғы 9 айдың ішінде өңірімізде 79 мәрте тіркеліпті. 45 орган тиісті ұсыныс алған. Нәтижесінде 1,8 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы қазынада қалған. Қомақты сомманың 7,8 млн теңгесі құны нарықтағыдан бәленбай есе жоғары кілем алуға оқталған қалалық әкімдік аппаратына тиесілі.
АЙДОС ЖҮНІСОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Кілемнің әр шаршы метріне 35 мың теңге ақша жоспарланғаны анықталды. Біз нарықтағы бағаны зерттедік. Осыдан кейін қалалық әкімдік аппаратына ұсыныс жасалды. Нәтижесінде мемлекеттік мекеме жоспарды қайта қарады.
Баяндама оқылғасын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысы Асхат Джакипбеков журналистердің сұрағына жауап берді. Сауалдардың бірі заңның ала жібін аттаған жергілікті Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкіліне қатысты болды.
АСХАТ ДЖАКИПБЕКОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысы:
– Бүгінгі таңда біз Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекеме бастының орынбасарына қатысты қылмыстық істі қарап жатырмыз. Тұлға алаяқтыққа жол берген. Тиісті заңға сәйкес, мен қазір қолда бар барлық деректерпен бөлісе алмаймын. Іс сотқа жолданғасын барлығы айтылады.
Тілшілер жақында ғана қолға түскен “Агралық несие корпорациясы” АҚ облыстық филиалының басшысы жайлы да сұрады. Асхат Джакипбеков қылмыстық іс таяуға қозғалғанын айта келе, толық дерек әзірге жария етілмейтінін мәлімдеді.
Байболат Култанов