Құқық қорғау органдары

Мектептегі оқу-жаттығу жиыны

Өңірдегі білім ошақтарында оқу-жаттығу жиыны өткізіліп жатыр. Маңызды шара Сәбит Мұқанов атындағы №32 орта мектепте ұйымдастырылды. Мұнда күзетші аяқ киім қорабын байқап қалды. Ішінде жарылғыш құрылғы болуы мүмкін екені директорға хабарланды. Бірден эвакуация басталды. Небәрі 3 минуттан кейін барлық бала қауіпсіз жерге шығарылды. Күзет құрылымының қызметкерлері арнайы қызметтер келгенше ғимарат ішіне ешкімнің кірмеуін қадағалады.

НАТАЛЬЯ БУКАТОВА, С.Мұқанов атындағы №32 орта мектебінің директоры:

– Бүгін біздің мектепте оқу-жаттығу шарасы ұйымдастырылды. Барлығымыз сыртқа шықтық. Балалардың барлығы ұйымдасқан түрде әрекет етіп, 3 минуттың ішінде қауіпсіз орынға келді.

Мектеп басшылығы мен қызметкерлерінің әрекеті жақсы деп бағаланды. Жиын барысында мамандар ұстаздармен, оқушылармен тілдесіп, бүгінгідей оқиға орын алғанда және террористік қауіп туындаған жағдайда тиісті іс-әрекетті тағы бір баяндады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері терроризм актісі туралы жалған хабар берілсе, қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын айтты.

МАРАЛ МҰХАМАДИЕВ, СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

– Мұндай іс-әрекет үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Қылмыс жасаған тұлға 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 14 жасқа толған жасөспірімдер де жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Осыны ақпараттық жұмыстар шеңберінде ұстаздар мен балалардың есіне салдық.

Қоса кетейік, өңір мектептерінде оқу-жаттығу шарасы алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ.

 

Байболат Култанов