Қоғам

Бескөлде тұрақтандыру қорының сауда нүктесі ашылды

Ал тұрақтандыру қорының сауда нүктесінде 1 келі күріш 300 теңге тұрады. Яғни, 2 есе арзан. Өзге азық-түлік түрлерінің де бағасы нарықтағыдан біршама төмен. Мысалы, картоп пен сарымсақты – 100, сұйық майды – 590, жұмыртқаны – 350, ал қантты 460 теңгеге сатып алуға болады. Мұны естіген бескөлдіктер дүкенге ағылып жатыр. Сүт пісірім уақыт ішінде бірнеше адам есеп айырысып үлгерді.

ЗӘМЗӘГҮЛ БАЙМОЛДАҚЫЗЫ, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Біздің жалақымыз аздау. Осындай дүкеннің ашылғанына қуаныштымыз. Тауық етін, күріш пен жұмыртқа алдым. Тауар қолжетімді.

Қазіргі таңда өңірімізде тұрақтандыру қорының 8 сауда нүктесі бар. Оның 7-еуі облыс орталығында орналасқан. Халықты тұрақты түрде арзан әлі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін корпорация бірсыпыра тонна өнім сатып алыпты.

ҒАМАЛИ ЖҰМАШЕВ, «Солтүстік» ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Биыл облыстық тұрақтандыру қорына 11,5 мың тоннаға жуық өнім сатып алынды. Оның 2,5 мыңы – көкөніс. Бізге жеткізілген тауар біртіндеп супермаркеттерде, сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жеке сауда нүктелерінде сатылады. Біздің нүктелеріміз Петропавлдың барлық базарында орналасқан. Енді Бескөлде де бар.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Халық біртіндеп келіп жатыр. Жаңа бескөлдік тұрғынның бірі “Болашақта бұл жерде терминал пайда бола ма?” деген сұрақ қойды. Бұл сауалды біз жауапты тұлғаларға жеткіздік. Қуанышымызға орай, жақын арада мәселе шешімін табады. Яғни, тұрғындар картамен және QR түрде есеп айырысатын болады.

Айта кетейік, бұл – тұрақтандыру қорының ауылдық жердегі алғашқы сауда нүктесі. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы төмен бағадағы азық-түлік сатылатын дүкендерді өзге аудандарда ашуды әзірге жоспарлап отырған жоқ.

 

Байболат Култанов