Kurultai banner mobile

МТРА жаңалықтары

21 жастағы ару ауылда сұлулық салонын ашты

Кәмила Қасенова 21 жасында кәсіптің кілтін тапқан ару. Сұлулыққа жаны құмар бұрымдының Новоишимское ауылында өз салоны бар. Мұнда ол ауылдағы қыз-келіншектерді опа-далаппен әсемдеп, кірпік-қас жасайды.

КӘМИЛА ҚАСЕНОВА, кәсіпкер, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Сұлулық студиясын ашу арманым болатын. Іші жайлы, әдемі болғанын қаладым. Осыдан 1 жыл бұрын колледж бітірдім. Содан “Бастау бизнес” жобасы жайлы естіп, арнайы оқытудан өтуді жөн көрдім. Бизнес жоспар дайындап, комиссияға тапсырдым. Маған 1 млн 380 мың теңге грант берілді.

Есігі ақпан айында ашылған студияның орнын бұрымды өз қаржысына сатып алған. Ал жаңағы грант үстел мен орындық, құрал-жабдық алуға бағытталыпты. Жалпы, салонға нәзікжандылармен қатар ер азаматтар да келіп, шашы мен сақалын ретке келтіре алады. Бұндай қызметті мұнда Оңғар Әлімқұлов көрсетеді. Азамат солтүстікке оңтүстіктен көшіп келген.

ОҢҒАР ӘЛІМҚҰЛОВ, барбер, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бұл жерде жұмыс істегеніме 2 ай болды. Ал шаш қиып жүргеніме 7 жыл болды. Қазір тұрақты келушілерім бар. Келушілер риза. Жасалған жағдай мен жалақысы да жаман емес.

Шаштаразға көбірек клиент тарту мақсатында мұнда түрлі акциялар ұйымдастырылады. Мәселен, әкесі мен баласы шаш қиса 5 мың теңге төлейді. Ал жекелей бұл қызмет құны қымбаттырақ болады.

 

Алдияр Айтпаев