Бүгін облыстық филармонияға мұғалімдер күніне орай салтанатты жиын өтті. Кәсіби мерекеге орай еңбегі ерен жандарды облыс әкімі бір залға жинады. Ғауез Нұрмұхамбетов көпшілікті атаулы датамен құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Балаға білім беру әрқашан жоғары құндылыққа ие болды. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттеріне білім, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор. Сіздерді сыйлайтын, еліне адал қызмет ететін шәкірттеріңіз көп болсын.
Кейін еңбегі сіңген мұғалімдер марапатталды. Есімдері құрметпен аталған ұстаздарға бірінші кезекте облыс әкімі Құрмет грамотасын табыс етті. Алғашқылардың бірі болып сахнаға Лебяжье негізгі орта мектебінің математика пәні мұғалімі Наталья Лабуш көтерілді. Нәзікжанды салаға өмірінің 40 жылын арнаған.
НАТАЛЬЯ ЛАБУШ, Лебяжье негізгі орта мектебінің математика пәні мұғалімі, М.Жұмабаев ауданы:
– Бұл мамандықты 9-шы сыныпта оқып жүрген кезімде таңдадым. Өзіме математикадан беретін ұстазым үлгі болды. Ал қазір өзім де көпжылдық тәжірибесі бар ұстазбын. Көп шәкіртім ізімнен еріп, мұғалім болуда. Маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Бұл маған күш береді.
Көпшілік арасынан “М.Жұмабаев” төсбелгісін алғандар да болды. Мұндай марапатқа “Баларман” серіктестігінің басшысы Балдырған Ілиясов лайық деп танылды. Азамат 40 жыл бойы өңірдегі білім саласының дамуына зор үлес қосып келеді.
БАЛДЫРҒАН ІЛИЯСОВ, “Баларман” ЖШС басшысы:
– Еңбек жолымды Шал ақын ауданындағы Балуан ауылында оқу ісі меңгерушісінен бастадым. Кейін қалаға келдім. Ең бірінші ашылған Қожаберген жырау атындағы қазақ мектебінде директордың орынбасары болдым. 42-ші мектепте директор болдым. Қазір қалада 3 балабақша ашып, 300-ден астам баланы тәрбиелеудемін.
Бұл наградаларден бөлек, ұстаздарға алғыс хаттар мен “Еңбек ардагері” сынды медальдар берілді. Жалпы, жиында еңбегі ескерілген 25-ке тарта маман марапатталды.
Алдияр Айтпаев