Қоғам

Явленка ауылында Семей полигонының ардагерлеріне арналып ескерткіш қойылды

Семей полигонының жабылғанына биыл 32 жыл толып отыр. Осы датаға байланысты Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында Семей полигонының ардагерлеріне арналып ескерткіш орнатылды.

АСХАТ ТӨЛЕПБЕРГЕН, «СҚО СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ» ҚБ төрағасы:

– Семей полигоны – тарихи оқиға. Бүкіл адамзат біледі. Біздің Қазақстанда 40 жыл атом қаруымен сынақтар жасаған. Сонда болған азаматтардың көбі қасымызда жоқ. Елімізде қаншама адам осыдан зардап шекті.

Тарихи сәт үшін ауыл тұрғындары мен қонақтары орталыққа жиналды. Салтанатты жиын Есіл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мереке Мұхамедияровтың сөзімен басталды.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– 29-шы тамыз – Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастық және жаһандық антиядорлық қозғалыс үшін тарихи күн. Бұл күні 1991 жылы Невада полигонынан кейінгі әлемдегі екінші қуатты Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы туралы жарлыққа қол қойылды.

Есіл ауданы бойынша 100-ге жуық сарбаз Семейде борышын өтеген. Бүгінде 34-інің көзі тірі. Ақбай Дүйсембинов Семей полигонының зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатырмыз дейді.

АҚБАЙ ДҮЙСЕМБИНОВ Семей полигонының ардагері:

– Қазір Есіл ауданында сол кезде болған 34 кісі бар. Көбі ауырады. Есепте тұр. Мен өзім де есепте тұрмын. Енді сол кездегі уақытты еске алатын жер бар. Неше түрлі естеліктер бар.

Бұл аудан – осында ескерткіш қойылған үшінші жер. Бұған дейін Қызылжар мен Шал ақын аудандарында орнатылыпты.