Балалар

Білім саласының қызметкерлері “Мен – чемпион” жарысында сынға түсті

“Мен – чемпион” сайысы қайта жанданды. Назарбаев Зияткерлік мектебінде аты елге жақсы таныс жоба жарысы өтті. Бұл жолы бәсекеге балалар емес, аталған мекеме мамандары мен облыстық білім басқармасының қызметкерлері сынға түсті. Турнирді қатысушылар көпсайыстан бастады.

Бұл сайыста қатысушылардың бірі қапшықпен, енді бірі баскетбол добымен кезек-кезек жүгірді. Қос командада 10 спортшыдан. Бірінші болып мәре сызығын білім басқармасының мамандары кесті. Кейін қыздар бірлесе арқаннан секірді, капитандар өзара мықтыны анықтады.

ҚАНАТ СӘДУАҚАСОВ, облыстық спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

– Турнир 5 кезеңнен тұрады. Барлығы “Мен – чемпион” жарысындағы сайыстар. Жарыс өте қызықты өтіп жатыр. Жеңімпаздарға білім басқармасы дайындаған ауыспалы кубогы табыс етіледі. Қатысушыларға дипломдар беріледі.

Сайыста алаң иелері аз ғана басымдықпен жеңіске жетті.
Жалпы, “Мен – чемпион” сайысының 20 жылдық тарихы бар. Алғашында – өңірлік жоба, кейін кең ауқымға ие болды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, 2018-ші жылы Ресей мен Өзбекстан елдерінің ұл-қыздары қатысты. Жоба авторы Евгений Сазанов бірнеше жыл бойы тұралап қалған бәсеке қайта жанданатындығын айтты.

ЕВГЕНИЙ САЗАНОВ, “Мен – чемпион” жобасының негізін қалаушы:

– Оқу-ағарту министрлігі бізге қолдау көрсетті. Жақында облыстарда, аудандар мен ауылдарда іріктеу кезеңдері басталады. Келер жылдың көктемінде республикалық жарыс өтеді. Бізге Мектеп спорты федерациясы да қолдау білдірді. Қазір біз оқу-ағарту министрлігінің іс-шаралар тізбегіне “Мен – чемпион” жобасын енгізу үшін материал дайындаудамыз.

Бұл жобаны қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шалғай ауылдардағы балалардың да жарысқа қатысуларына жағдай жасалады.

 

Алдияр Айтпаев