СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі құрылыс алаңдарын аралады

Петропавлдағы 306 орынға шақталған студенттер жатақханасының құрылысы 2019-шы жылы басталды. Қазір ауқымды жұмыс аяқталуға шақ. Мекеменің бірінші қабаты АҚШ-тан келген оқытушыларға арналған. Мамандар Қозыбаев пен Аризона университеті арасындағы әріптестік аясында студенттерге сабақ береді. Бір бөлмеде 3 адамнан тұратын болады. Бір ас үй пен жуыну бөлмесін екі бөлменің тұрғындары пайдаланады.

ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Бір шаршы метріне – 290 мың теңге. 15 қазанға дейін нысанды тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Линолеум төсеп, төбелерді тарту керек.

244 орынға шақталған бұл студенттер үйінің құрылысы да аяқталуға жақын. Ішкі және абаттандыру жұмыстары ғана қалып отыр. Нысанның іргесінде әрқайсысы 600 орындық 2 жатақхана бой көтеруде.

Қазір жатақханаға деген қажеттілік 2300 орынды құрайды. Жыл сайын ауылдар мен өзге қалалардан келген студенттердің саны артып жатыр екен. Университетте еліміздің барлық өңірінен және әлемнің 10 елінен келген жастар білім алып жатыр. Бұл нысандардан кейін облыс әкімі Қопай шағын ауданындағы тұрғын үйлердің құрылысын бағамдады.

Аталған шағын ауданда 27 бюджеттік және 2 коммерциялық үй салу жоспарлануда. 6 алаңда құрылыс жұмыстары басталып та кеткен. Бұдан бөлек Қопайда емхана, балабақша бой көтермек. “Жайлы мектеп” жобасы аясында 600 орынға шақталған мектеп те пайда болмақ.

 

Алдияр Айтпаев