Өнеркәсіп

Жас мемлекеттік қызыметшілер кәсіпорындардың жұмысымен танысты

Теріскейдегі тегеуріні мықты – “Петропавл электротехникалық зауыты”. Бүгін бұл кәсіпорынға жас мемлекеттік қызметшілер қонақ болып келді. Бірінші кезекте мамандар металл өңдеу цехына барды.

БЕЙБІТ ЫБЫРАЕВ, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС техникалық директоры:

– Мұнда темірді лазермен кесу, майыстыру, өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Кейін дәнекерлеу жұмыстары атқарылады. Дайын бак арнайы камерада сыналады. Кейін келесі цехта боялады. Мұнда дәнекерлеушілер, операторлар, сынақтан өткізушілер сынды мамандар жұмыс істейді.

Бұдан бөлек көпшілік өзге цехтардың жұмысымен танысты. Станоктарға жақын барып, басындағы жандардың істерін бағамдады. Қазір бұл кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақылары 250-300 мың теңгені құрайды.

Жалпы, бұл шараны мемлекеттік басқару академиясының облыстағы филиалы өткізіп жатыр. Оған 29 жас мемлекеттік қызметші қатысуда. Бұл жандар қазір қайта даярлау курсынан өтіп жатыр.

АЙГҮЛ ЖАМАНТАЕВА, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы СҚО филиалының кабинет меңгерушісі:

– 3 апталық курстан кейін қатысушылар өз жобаларын қорғайды. Жұмыстар мемлекеттік қызмет, өңір дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында болмақ. Турға келер болсақ, бұл шара жастарға жобаны ойластыру мен құруға септігін тигізеді. Қазір олар жүзеге асырылған жобалармен танысуда.

Жалпы, “Петропавл электротехникалық зауытынан” бөлек, жас мемлекеттік қызметшілер “CLASS”, “Радуга” сынды ірі кәсіпорындарға барып, жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, мемлекеттік басқару академиясы биыл мұндай турды осыменен екінші рет өткізуде.

 

Алдияр Айтпаев