ТЖ

Петропавлда жанармай бекетінде өрт болып, бір адам зардап шекті

Бүгін сағат 11:20-да «101» пультіне Ж.Жабаев көшесіндегі жанармай бекетінің аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері 2 минут ішінде жеткен. Өртті сөндіруге 43 маман мен 9 техника жұмылдырылды.

ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Автоцистернадан өрт шыққаны анықталды. Шұғыл түрде біздің қызметкерлер өртті 9 минуттың ішінде сөндірді.

Оқиға орнында 65 жастағы ауыр жүк көлігінің жүргізушісі зардап шекті. Оның денесінің біраз бөлігін күйік шалған. Ер адам сол жерден көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Мамандардың айтуынша науқастың жағдайы ауыр.
Өрттің салдарынан газ тасымалдағыш көлік пен станция құрылымы зақымдалған. Қызыл жалын шарпыған аумақ 20 шаршы метрді құрайды.

ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Газ құю бекеті және ол жердегі көлікті жөндеу станциясын аман алып қалдық. Сондай-ақ, газ құю станциясының 10 тонналық газ цистернасын да аман алып қалдық.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен келген шығын көлемі анықталып жатыр.

 

Гульден Симбаева