Ауыл шаруашылығы

Явленка ауылында ауылшаруашылық жәрмеңке өтті

Алыс-жақын елді мекендерден келген халық пен жергілікті тұрғындар Явленка ауылының орталығына жиналды. Барлығы жәрмеңкеде жайылған сәбіз, картоп, балықтың түр-түрінен алып жатыр. Тіпті, бұл жерде төрт түлік ұстайтындарға жем-шөп те бар.

МЫҢАЙДАР ТІЛЕУКИН, Явленка ауылдық округінің әкімі:

– Ауданда ауылшаруашылық жәрмеңке жылына 4-5 рет ұйымдастырылады. Жыл сайын 100 орама шөп, 50 тонна астық қалдығы жеткізіледі. Отын да әкелінеді. Барлығы әдеттегі бағадан арзанға сатылады.

ТӨЛЕГЕН МҰҚАШЕВ, Есіл ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бүгін Явленка орталығында халыққа арналып жақсы жәрмеңке өтіп жатыр. Аудан ардагерлерінің сұрауы бойынша аудан әкімі екінші рет өткізіп жатыр. Мен де бүгін аралап жүріп керекті заттар да сатып алдым.

Сатушылардың бірі Ергешбай Өтеев Амангелді ауылынан келіп отыр. Айтуынша мұндай жәрмеңкеден мүлдем қалыс қалмайды. Бұл жолғы шараға 35 қап сәбіз әкелген екен. Саудасын таңғы 9-дан бастаған ер азамат тауарымның жартысынан көбі лезде сатылып кетті дейді.

ЕРГЕШБАЙ ӨТЕЕВ, Амангелді ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Осындай жәрмеңке жиі өтеді. Сәбіздің бағасы 170 теңге, арзан, қолжетімді. Халық келіп, алып жатыр. Осы жолғыға 35 қап әкелдім. Қазір соның 3-еуі қалды.

Халықтың айтуынша мұндай жәрмеңкелер жиі өтіп тұрады. Бағалары да салыстырмалы түрде арзан дейді.

– Мен балық сатып алдым. Балықтың неше түрі: ақбалық, мөңке, шортан, көксерке бар.
– Мен жәрмеңкеге келіп, көптен көрмеген таныстарымды көріп жатырмын. Бір ауылда тұрсақ та көп кездеспейміз. Ал жәрмеңкені жақсы ұйымдастырған, маған ұнап жатыр.