СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханға құрмет көрсетті

Сенбі күні облыс әкімі ел мерейін асырған теріскейлік еркін күрес шебері Ризабек Айтмұханға құрмет көрсетті. Сербияның Белград қаласының төрінде өткен Әлем біріншілігінде жерлесіміз қарсылас шақ келтірмеді. Жауырыны жер иіскемеген саңлақ 92 келіде топ жарды. Осылайша тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен тұңғыш Әлем чемпионы атанып, елге оралды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл еліміз тәуелсіз алғалы еркін күрестен Әлем чемпионатында алған алғашқы медалі екенін атап өткім келеді. Біз үшін бұл – тарихи оқиға. Ризабек – Қазақстанның мақтанышы. Жас спортшыларға нағыз үлгі.

Облыс әкімі Ризабекке Алғыс хат пен 3 млн теңгенің сертификатын табыс етті.

РИЗАБЕК АЙТМҰХАН, еркін күрестен Әлем чемпионы:

– Мұнымен тоқтамайық. Сізге өзімнің және отбасымның, Қызылту елінің атынан алғысымды білдіремін. Залда отырған кісілерге зор денсаулық тілеймін. Алдымда Азия мен Олимпиада чемпионы болу мақсаты тұр. Бұл үшін бар күшімді саламын. Жеңісті күндеріміз көп болсын.

Құрметке чемпионның ата-анасы да бөленді. Оларға тұтастай ел мақтанышына айналған батыр ұлды тәрбиелегендері үшін Алғыс хат берілді. Айта кетейік, Ризабектің бапкері – оның әкесі Қанат Жолдасбаев.

ҚАНАТ ЖОЛДАСБАЕВ, Ризабек Айтмұханның әкесі:

– Чемпион атағына жеттік. Жол ашылды. Ендігі мақсат – Париж. Бұйырса Олимпиада алтынына таласамыз.

Әлем чемпионатына жасаған қиын жорығынан кейін жерлесіміз бірер апта демалмақ. Кейін дайындыққа кіріседі. Ризабектің қазіргі салмағы Олимпиадалық салмаққа жатпайды. Сол себепті, ол 92 келіден 97-ге ауыспақ.

РИЗАБЕК АЙТМҰХАН, еркін күрестен Әлем чемпионы:

– Жарты жылдан кейін Қазақстан чемпионаты болады. Ондағы жеңімпаз Азияға Олимпиадалық іріктеу жарысына барады. Сол жақта финалға шықсаң лицензия беріледі. 97 келі салмақ дәрежесінде бәсекелестік жоғары. Мұнда 125 келіден түскен және мен сияқты көтерілген палуандар бар. Ел біріншілігінде шамамен 40-қа тарта спортшы болады.

Өз сөзінде Ризабек қолдау мен құрмет көрсетіп жатқан барлық жерлестерімізге алғысын білдірді. Әлі талай жарқын жеңістермен қуантатындығын айтты.

 

Алдияр Айтпаев