Қоғам

СҚО-да 3 аудан әкімін пилоттық режимде сайлау өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланатынын мәлімдеген болатын. Теріскей өңірінде 3 ауданның әкімі пилоттық сайлау нәтижесінде таңдалып алынады. Олар: Есіл, Мамлют және Тимирязев. Осы аталған 3 ауданды қоса алғанда барлығы – 88 сайлау учаскесі мен 36 мыңнан астам сайлаушы бар. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша аудан әкімін таңдаудың осындай әдісі елімізде алғаш рет қолданылғалы отыр.

ПЕТРОВ КОНСТАНТИН, ҚР орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

– Қазақстанда мұндай сайлау түрі алғаш рет өткізілмек. Сол себепті, сайлау құжаттамасын рәсімдеу және сайлау науқанына қатысушылармен тренингтер өткізілген болатын. Түсіндіру шарасы жалғасын табады. Сайлауды ұйымдастыруға тартылатын аумақтық және учаскелік комиссия мүшелері үшін қашықтықтан оқыту және тестілеу сабағы ұйымдастырылады.

Ел бойынша пилоттық режимде өтетін сайлау үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесі тізіліп, 5-ші қараша күніне белгіленді. Кандидаттарды тіркеу сайлау комиссиясы барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады. Бұл науқан түрі сайлау күніне 25 күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталмақ.

КОНСТАНТИН ПЕТРОВ , ҚР орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

– Қарашаның 5-іне дейін әлі біраз уақыт бар. Дегенмен, біз аудандық, облыстық сайлау комиссиялары қаншалықты дайын отырғандығын бағамдауымыз қажет. Осы 3 күннің ішінде белгіленген аудандардың үшеуіне де барып, дәл осындай семинар өткіземіз.

Жалпы, семинар барысында ұсынылатын кандидаттарға қойылатын талаптар жіпке тізілді.