Құқық қорғау органдары

Жетім бала арқылы пайда тауып келген

Естімеген елде көп! Облыс прокурорлары жаға ұстатар жайттың бетін ашты. Қадағалаушы орган өкілдері арнайы жүргізген тексеріс барысында кәмелетке толмаған баланың құқығын бұзған тұлғаны анықтады. Петропавл қаласының тұрғыны былтыр балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 13 жастағы туысын қамқорлықа алған. Осылайша, жеткіншекке анасынан қалған 3 бірдей пәтерді жалға беруді бастайды. Пысықай біршама уақыт өткесін жеткіншекті қайтадан мемлекеттік мекемеге өткізеді. Алайда, заңсыз кәсібін доғармайды. Ең сорақысы, түскен табысты тек өз қалтасына салып отырады. Қазіргі таңда тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер пайдакүнем петропавлдықтың кінәсі дәлелденсе, ол 2 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін.

МАРАТ АЮПОВ, СҚО прокуратурасының басқарма прокуроры:

– 12-ші қыркүйек күні ҚР Қылмыстық кодексінің 142-бабы “Қорғаншы немесе қамқоршы құқықтарын теріс пайдалану” бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталды. Мұның нәтижесінде балаға келтірілген шығын көлемі анықталады. Артынша тағы тексеріс жүргізіледі. Іс облыстық прокуратураның бақылауында болады.

 

Байболат Култанов