Жұмыс орнында жан тапсырды! Облыс орталығында кезекті мәрте жұмысшы көз жұмды. Өткен жұманың бейсенбісінде жер опырылып кетіп, құбыр тартуға жұмылдырылған маман үйінді астында қалған. Салдарынан 35 жастағы азамат тілге келместен бақилық болды.
АЗАТ КӨШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
– 14 қыркүйек күні «ПЛВЗ» ЖШС аумағында жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, кешкі 22:00-ге дейін кәріз құбыры тартылған. Жұмыс аяқталғасын барлық жұмысшы киім ауыстыруға барады. Ал шұңқырда телефонын ұмытып кеткен Шавердин қайта оралады. Шамамен 30 минуттасын жұмысшылар Шавердиннің жерден шығып тұрған қолын көріп, жедел жәрдем шақырады.
Алайда, дәрігерлер маманның өміріне араша түсе алмапты. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жыл басынан бері өңірде еңбек адамдарының қатысуымен 21 жазатайым оқиға болған. Өкінішке қарай, 8 адам көз жұмған және 16 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
Байболат Култанов