Құқық қорғау органдары

Облыстық полиция департаментінде ашық есік күні өтті

Бүгін облыстық полиция департаментінде дәстүрге айналған ашық есік күні өтті. Жиналғандардың дені – студенттер. Келгендердің назарына арнайы техника мен қызметтік көліктер ұсынылды.

ӘБІЛҒАЗЫ ҒАБДУЛЛИН, облыстық ПД кадр саясаты басқармасының бастығы:

– Біздің мақсатымыз – келген адамдарға, әсіресе, жастарға полицияның қандай жағдайларда қызмет ететінін, полицияның тапсырмаларды орындайтынын көрсету. Мүмкін, келген жастар арасында біздің полиция департаментінің қатарын толтыратындар бар шығар. Солтүстікқазақстандық полиция департаментінің пайда болу тарихымен танысқысы келетіндердің барлығын облыстық музейге шақырамыз.

Экскурсияны әбден қызықтаған – ер балалар болды. Әрқайсысы қатар-қатарымен тұрған қызметтік көліктерге мініп көрді. Криминалист маманың сөмкесі, тапанша – барлығы көзге анық көрінеді. Бүгінгі шараға облыстық кәсіптік-педагогикалық колледжінен 20-дан астам ұл-қыз келіпті.

ШАМСИДДИН УӘЛИХАН, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Бүгінгі шарада полицейлердің көліктеріне мініп, қандай қызмет атқаратындығын, осы уақытқа дейін жүзеге асырылған жұмыстар туралы білдік. Қандай қылмыстар ашылғаны туралы да айтылды. Барлығын өз көзімізбен көріп жүрміз. Рацияны ұстап көрдік. Қару жарақтарды ұстадық.

Иван Денисов – гуманитарлық-техникалық колледжінің 1-курс студенті. Мұндай шараға алғаш рет қатысып тұр. Бала кезінде криминалист болуды армандаған ер жігіт бүгін арманына бір сәт жақындағандай болды.

ИВАН ДЕНИСОВ, Гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Барлық техникамен таныстық. Әрине, полицейлердің жұмысы қиын. Бірақ, маған өте қызықты. Өзімді осы саладан көргім келеді. Арманым, мүмкін, орындалып қалар.

Жалпы, іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды осы мамандыққа қызықтыру. Себебі, қатарда кадр тапшылығы бар. Қазірдің өзінде облыстық полиция жүйесіне 270-ке жуық қызметкер жетіспейді.

 

Ақжүніс Мұқатай