Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер талқыланды

Облыстық ардагерлер кеңесінде медицинадағы мәселелер көтерілді. Бүгін зейнеткерлер мен қаладағы денсаулық сақтау саласы мекемелерінің басшылары кездесті. Ортаға проблемалар тасталды. Жиында ең бірінші болып бейінді басқарма бастығының орынбасары сөз алды. Нұржан Тағаниязов жалпы саладағы ахуалды баян етті.

НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:

– Облыста денсаулық сақтау жүйесі 18 медициналық ұйымнан тұрады. Оның 5-еуі қалалық деңгейде. Қалғаны аудандарда медициналық көмек көрсетеді. 63 амбулаторлық ұйым мен 58 дәрігерлік амбулатория бар. Облыстағы халықтың 86% мемлекеттік мекемелерге тіркелген. Қалғаны жекеменшік ұйымдарда. Облысымызда 9 жылжымалы кешен бар.

Өз сөзінде Нұржан Тағаниязов сандарды да сөйлетті. Медициналық мекемелерге жүгінетіндердің дені – зейнет жасындағы жандар. Жиында кадрлық мәселе де қозғалды.

НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:

– 1-ші қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 6 мыңға жуық ақхалатты еңбек етеді. Оның 4,5 мыңы – орта медицина қызметкері. Бүгінде өңірге 183 маман жетіспейді. Оның 75-і ауылды жерлерге қажет. Орта медицина қызметкерлеріне деген қажеттілік 79-ды құрайды.

Өткен жылы өңірге 280 маман келген. Оның 185-і қалада, қалғаны ауылда жұмысқа орналасқан.

 

Алдияр Айтпаев