Спорт

Петропавлда жастар арасында спорттық акробатикадан ҚР кубогы бастау алды

Бүгін облыс орталығында спорттық акробатикадан Қазақстан Республикасының кубогы бастау алды. Қатысушылар – жастар мен жасөспірімдер. Бәсекелі додаға еліміздің 6 облысынан жас спортшылар келіпті. Барлығы – 150 қатысушы.

АНДРЕЙ ЯМПОЛЬСКИЙ, бас төреші:

– Жарысқа қатысушылардың деңгейлері әр түрлі. Бірі әлемдік сайыстардың жүлдегері болса, бірі – бұл спортқа енді келіп жатқандар. Алғашқы сайыс ең әсерлісі болады. Акробаттардың өнері көрсетуі барысында олардың үйлесімділігі мен баланс ұстауы сыналады. Ал келесі күндері динамикалық элементтер көрсетеді. Жеңімпаздар 1 айдан кейін Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады.

Тайыр Жасланұлы 14 жаста. Орал қаласынан келіп отыр. Бұл спорт түрімен 5 жасынан бері айналысады. Қызылжар өңіріне осымен 2-ші рет келуі. Жүлделі орындары да жоқ емес.

ТАЙЫР ЖАСЛАНҰЛЫ, жарысқа қатысушы, Орал қаласы:

– Маған бүгінгі жарыс өте маңызды болып тұр. Көп жарыстарға қатыссам да бүгін сәл қобалжу үстіндемін. Бүгін бұрынғы үйренген элементтерді жасаймыз.

Сайыста өңіріміздің намысын 15 солтүстікқазақстандық қорғап жатыр. Солардың бірі – Мария Скворцова. Акробатикамен айналысып жүргеніне 4 жыл болған бұрымды спортқа құрбысының айтуымен келген екен. Арманы – шетелге шығып, өнер көрсету.

МАРИЯ СКВОРЦОВА, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мен бұл спорт түрін батутта секіруден бастадым. Кейін осында жүріп өзімді түрлі бағытта сынап көрдім. Бүгінгі құрамдағы қыздармен мықты дайындалдық. Күнделікті 3-4 сағатымызды осы жарысқа жаттығуға жұмсадық. Жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын.

Бәсі биік дода 3 күнге созылады. Жеңімпаздар медальмен марапатталады. Сонымен қатар, келесі жылы Израильде болатын әлемдік сайыста төбе көрсетеді.

 

Ақжүніс Мұқатай