Еліміздің ең үздік деген 10 өнер ордасы, 250-ден астам әртіс. Қазан айында облыс тұрғындары мен қонақтары 1 аптаға жуық ақысыз негізде сан түрлі жанрдағы қойылымдарды тамашалай алады. Мұның барлығы Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай Қазақстан драма театрларының 29-шы республикалық фестивалі шеңберінде өткізілгелі отыр. Спектакльдер С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратында және Н.Погодин атындағы орыс драма театрында сахналанады.
ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
– Жүргеновты өздеріңіз білесіздер, тарихта алатын орны ерекше тұлға. Өнерді дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Бұл фестиваль ҚР мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылмақ.
Фестивальдің шымылдығы қазанның 9-ы күні Түркістан музыкалық драма театрының “Мағжан” қойылымымен ашылмақ. Одан кейін әр өнер ордасының өкілдері сахнаға шығады. Жоспар бойынша көрермен күнде кешкілік уақытта спектакль тамашалайды.
БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры:
– 10-шы қазан күні Н.Погодин атындағы орыс драма театрында “Шам” театры өнер көрсетеді. “№37” атты қойылым сахналанбақ.
Фестивальдің әр күнгі кестесі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланбақ. Айта кетейік, әр қойылымда өзге ұлт өкілдері үшін аударма құлаққаптары болады. Бұл жолғы өнер шарасына жергілікті ұжымдар қатыспайды.
Байболат Култанов